- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Қызғаншақ болмаңыз... ...
Қызғаншақ болмаңыз...
Қыз бала өмірлік жолдасын міндетті түрде ең бірінші қиялдап, оның мінез-болмысын, сырт келбетін ойша жасап алады. Күндердің бір күнінде өз ойындағы жігітін (көбінде әкесіне ұқсайтын жігітті) жолықтырса, оның көзіне түскісі келіп, ұнауға тырысады. Түптің түбінде жігері мықты қыздар оны өз жігітіне айналдырады. Ендеше ер жігіттің алдында өзіңді қалай ұстау керек? Неге баса мән беру керек?
Мінезіне ерекше көңіл аударыңыз. Бұл әсіресе өзін тым жоғары санайтын қыздар үшін өте маңызды. Себебі ер жігіт тым менмен, бірбеткей, барлық нәрсені өз қадағалауында ұстауға тырысатын қыздардан сақтанады. Сол себепті қолыңыздан келгенше мейірімді, сабырлы, ұстамды болуға тырысыңыз.
Тым бастамашыл болмаңыз. Мұндай дүние көк жігітке ұнай қоймайды. Сондықтан бұл жағын жігіттің ырқына беріңіз. Жай ғана алғашқы кездесудің өзінде-ақ мұны сынап көруге болады. Яғни өзіңізді емес, жігіттің өзің көрсетуге еркіндік беріңіз, сонымен қатар өзіңізді сәл төмендеу ұстаңыз. Тым сөзшең, күлегеш, бір нәрсені көп қайталай беретін, ұнатпайтын нәрсесін ұмыта алмайтын қазымыр қыздардан жігіт атаулы іргесін аулақ ұстайды.
Ұқыпты, жинақы болыңыз. Жігітке сырт көздің, сөздің әсері аса маңызды болмаса да, олар қыз баланың тазалығына аса мән береді. Яғни таза киіміңіз, жинақы шашыңыз, әдемі жүрісіңіз өзіңізге ұпай болып қосылады.
Аңғарымпаз болыңыз. Ұнайтын жігітіңіздің қызығатын дүниелері мен оның ерекше қасиетін есіңізде ұстаңыз. Уақытында өз пайдаңызға асыра аласыз. Қиындық тудырмаса оның қызығатын дүниесін меңгеріп алуыңызға да болады. Есіңізде болсын, бүгінгінің жігіттері жан-жақты дамыған, жаны жаңа жаңалыққа құмар, білімді қыздарды көбірек ұнатады.
Қызғаншақ болмаңыз. Қатты қызғаншақ қыздар жігітке ұнай бермейді. Сонымен қатар жігіт бойынан кемшілікті көп көретін сыншыл, талапшыл болмағаныңыз жөн. Оның бойындағы жақсы қасиеттерді аңғарып, жеке басын құрмет тұтыңыз. Қарым-қатынасыңызды бағалап, сыйлай білсеңіз, ол сіздің жаныңызда өзін жайлы сезінеді.
Жігіттер жасандылықты ұнатпайды. Барлық нәрсені қаз-қалпында қабылдайды. Сондықтан өзіңізді тәрбиелеп, жаман жақтарыңызды жақсыға айырбастап үйреніңіз. Кез келген сәтте сіздің жасандылығыңыз су бетіне шығуы мүмкін. Сол себепті шынайы өзгеруге тырысыңыз.
Н. Үсенова