Өмірдің күйбең тіршілігімен күресіп, баласына әке де ана да болып, ер жүгін өзі арқалап жүрген нәзік жандылар бүгінде аз емес. Олар ерлерге артылатын жауапкершілік пен қиындықты өздері арқалап, бала тәрбиесін, үй шаруасын, ақша табу жайын өз мойнына алған жандар.
Арқа сүйеп, тірек болатын жігітке алданып, құрығына түскен шарасыз аңқау қыз, өмірдегі бар қиыншылықты көрген соң, ұядан ұшқан балапанша кеңістікпен күресіп, қанаттарын кең жайып сенімді ұша бастайды. Қанаттары қатаяды. Амал нешік? Тағдырдың тауқыметі бір жығылтып, өмірдің өксігі бір сүріндіріп сынаса, қатаймағанда қайтеді? Алайда, бұл әрекет көп әйелдердің қолынан келе бермейді. Сағы сынып, тауы шағылған күйде, болағашы бұлыңғыр тартады. Қазіргі қоғамда мұндай жайттар аз емес.
Жайқалып тұрған қанша гүлдің тағдыры талқандалды?! «Бір көргеннен ғашықпын» деп соғатын жігіттер талай қыздың өмірін өкінішке айналдырды. Шығарып сап, күтіп алып, сыйлықтар беріп, қалаған жерге қыдыртып, қыздың сеніміне кіру арқылы жасалған әрекеттер қыз ғұмырындағы өрттің тұтануына себепші мысалдар. Кейін махаббатқа мас болған қызды алдап, некесіз ойлы қадамға баруға ұсыныс білдіреді. Әрине, бұл ретте әйелдердің сезімге тез берілуі мен аңқаулығын атап өтпеуге болмайды. Расымен, қыз табиғаты ерекше. Ерекше емес, мойындау керек, әлсіз. Жандары үнемі нәзіктікке, махаббатқа зәру. Сол махаббаты жолыққан адамынан іздеп, болмаса да табуға тырысады, ұнамаса да, ұнатқандай болады. Өз-өздерін сендіру арқылы шырмауыққа шырмалып, маталатыны сондықтан. Махаббатта жолы болмаған әйелдер хикаясын естіп, ішінен, менімен бұл жағдайлардың кездесуі мүмкін емес дейтіндер көп. Алайда дәл осы сәт туған сәтте, дұрыс не бұрыс істегеніңді түсінбей, санаңда сан түрлі ойлар пайда болады. "Мен ерлер құрған тұзаққа түспеймін, алдаған сәтте-ақ түсініп қоямын" деген пікірде болсаңыз да, жаныңыздың жалғыздығы мен күз тартқан көңіл сізді бұл жолдан тайдырары анық. Алайда, бұл кінәнің барлығын әйелден көру дұрыс па? Ұнатқан адамға жан тәнімен сенгеннің несі күнә? Жарайды, некеге дейінгі болған әрекеттерге аруларымыз кінәлі-ақ болсын. Ал отау құрып, қызды ақ тілекпен босағадан аттатқан жігіттің жүріс жүруі, не отбасын асырамай жұмыссыз жатуы немесе ішімдікке салынуы да әйелдің кінәсі ме? Жоқ.
Саралай келсек, бастапқыда айтылған жайттар да еркектің ездігінен. Бұрын ата-бабаларымыз жауға қарсы шаба алмайтын қоян жандыларды ез десе, бүгінде өзіне өзі әлі келмейтін, отбасын асырай алмайтын жігіттерді атайтын болдық. Жұрт сынаса, намысшылдығы тасып, қара жұдырығын ала жүгіретіндері тағы бар. Біздің қоғамда, адал жар, сенімді серік табу өте қиын. Себебі нағыз ерлер сиреп, күннен-күнге екі жүзді, көкіректері аспанмен таласқан, менмен де өзімшіл жігіттер қатары артылып келеді. Елімізде алапаттың жоқтығына тәуба. Еркектікке сын болатын құбылыстар белең алса, баяғыдай «еркек тоқты құрбандық» деп жар салатындар саусақпен санайтындай-ақ болушы еді. Бірнеше арудың арын айрандай төккен ақымақ, қалайша бар елдің намысын қорғамақшы?
Бүгінгі күн еркектерінің сыйқы осындай болуына себеп, ең әуелі, рухани жұтаңдық. Ана тағдырын көріп, әлдиін тыңдап өскен баланың осыншама қатыгезге айналуына не себеп? Қай адам болмасын, бірінші өзін тануы қажет. Өзін бағалауы тиіс. Толық танысқан соң, отбасы мүшелеріне де назар аударып, анасының, әкесінің, әпке-інісінің қажеттіліктерін аңғаруы тиіс. Балаға бар нәрсені аңғартып, өмірді ұқтыратын ана болуы керек. Біздің санамызға сінген, «қыз анаға, бала әкеге қарап өседі» деген ұғым бар. Бұл ескі ұғым. Аттастыру салтымен, бірін-бірі білмей үй болатын жандар үшін арналған мақал. Себебі қыз бір күнде келін атанып, тұрмыста анасынан көргенін жасайды. Ол заманда кездесу, ойын-сауық құру, көп жылдар жүру деген түсінік болған жоқ. Ана ұлына өзінің тәжірибесі арқылы кездескен жігіттердің қатесін қайталамауға үйретіп, ұстамды, салмақты болуды ескерту керек. Қыз баланы сыйлап, оны аялау керектігін есіне салуы тиіс. Ал әке өзінің биіктігімен қызына қамқор екенін білдіріп, өзі кездестірген қиындықтарды қызының өмірінде орын алмауын қадағалаған жөн. Себебі әкеге әрдайым, қызы жақынырақ болады. Осылай екеуара бала тәрбиесімен айналысатын отбасылар көп болса, өмірдегі шиеленіс пен көптеген жауапсыз сұрақтардың азаюына ықпал етеді. «Баланы жастан» тәрбиелеген қазақ әлі де текті де асыл ұлдар өсіре берсе!
Өмірдегі қателіктерге бой алдырмас үшін, асығыстық жасамау керек. Өзіңізді әйел емес, атақты философ немесе ақын деп елестетіңіз. Шешім қабылдар алдында мәселеге сырттан қарап үйреніңіз. Өзіңізге өзіңіз сын айтып, жат қасиеттеріңізді түзеуді әдетке айналдырыңыз. Жігіттің сізге тым көңіл бөліп, үлде мен бүлдеге орағанына да сын көзбен қараңыз. Артық кеткен тұстары болса, өз ойыңызды білдіріңіз. Сізге ұнамайтын жағымсыз қылық екенін ескертіңіз. Ата-анасымен танысуға тез келіспеңіз. Себебі, олардың ойынша, ата-анаммен таныстырсам, бағындыру оңай болады дейді. Кей қулар ата-анасының орнына әртістерді таныстырып, театрландырылған қойылым көрсетуі де мүмкін. Қымбат сыйлықтар мен күнделікті СМС-терге алданбаңыз. Олар жалған сезімге әдемі әрі әсерлі білдіруден ешқашан тайынбайды. Алыс жерге оңаша барудан бас тартыңыз. Мейлінше сіздің сеніміңізге жүз пайыз кірмейінше, сенудің қажеті жоқ. Өзі де, сөзі де түзеу секілді көрінетін алаяқ жігіттер де бар. Ең бастысы, барлығы өзіңізге байланысты. Қыздың қырық жаны бар. Өзіңіз сөйлесетін жігіттің қандай екенін сыртқа айтпасаңыз да, іштей міндетті түрде сезесіз. Түйсігіңізді тыңдауға тырысыңыз. Міне, осы қағидалар есіңізде жүрсе, өмірдің бұралаң даңғыл жолдарына түспейтініңіз анық.