Қыз баланың гигиенасы

Баланың жасынан денесін - шымыр, өзін - өнегелі етіп тәрбиелеу оның бүкіл келешек өміріне зор әсерін тигізеді. Ата - анасы кішкентайынан тазалыққа, тәртіпке, белгілі бір қалыпқа, шамасы келетін жұмысқа дағдыландыра отырып, перзентін көргенділікке үйретеді. Осы арқылы оның алдағы уақытта әр түрлі ағаттықтардан, жыныстық қабілеті жетіліп келе жатқан кезде - ұрыншақтықтан аулақ болуына көмектеседі. Мұның бәрін әсіресе қыз баланың тәрбиесінде ерте бастан ескерген жақсы. Өйткені ертеңгі күні ана болатын қыздардың денсаулығының дұрыстығы - болашақ ұрпақ денсаулығының кепілі.

Қыз бала ағзасының өзіндік ерекшеліктері бар: ер балаға қарағанда ол нәзік келеді, анатомиялық айырмашылықтар арнаулы гигиенаны талап етеді. Қыз балаға туған бойда-ақ ұқыпты қарауға тура келеді. Оның жалпы денесін таза ұстаумен қатар, сыртқы жыныс мүшелерінің тазалығына қатты көңіл аудару керек, әйтпесе несеп пен нәжіс оларды былғап, тітіркендіруі, сөйтіп жұқпалы ауруға ұрындыруы мүмкін.

Анасы қызды шомылдырумен қатар (алты айға дейін - күн сайын, бір жасқа дейін - күн ара, одан кейінгі жерде аптасына бір рет) үлкен дәретке отырғызған сайын қыздың жыныс мүшесін таза жылы сумен сабындап жууға тиіс, жуғанда алдыдан артқа қарай, яғни, қолмен тік ішекке қарай сипай жуған жөн. Егер сіз заманауи қағаз жаялықтар (подгузник) қолданатын болсаңыз, оны әр 3 - 4 сағат сайын ауыстыру қажеттігін ұмытпаңыз. Және мұндай жағдайда жыныс мүшесін әр таза жаялық кигізер алдында жуу қажет. Су болмай қалған жағдайда (далада, қонақта) дымқыл салфеткалар пайдаланыңыз. Баланы жуындырып, таза шүберекпен кептірген соң 10 - 15 минут жалаңбұт ұстаңыз. Бұл қалың жаялықтардың әсерінен терінің терлеп, баздануының алдын алады. Егер түнде жаялықты ауыстырып, нәрестенің ұйқысын бұзғыңыз келмесе, 12 сағатқа дейін шыдас беретін өте сапалысын таңдаңыз. Жалпы, мұндай бір реттік жаялықпен өсіп жатқан баланы тәулігіне бір - екі рет жарты сағаттан жаялығын шешіп, бос ұстау керек. Бөлме салқын болса, ауа өткізетін мақта матадан тігілген шалбар кигізіп қойыңыз.
Сәби алты айдан асып, қосымша тамақ іше бастаған кезінде оны тосып үйретіңіз. Бұл кезде оның ішегі басқаша жұмыс істейді және мазасыздық белгілері байқалғанда үлкен дәретке отырғызып алу қиынға соқпайды. Бала кішкене өсе бастаған кезде оған құйрығын жұмсақ қағазбен сүртуді де үйрету керек. Мұнда да қолды алдынан артқа қарай жүргізуге дағдыландырған дұрыс.
Жаңа туған қыз баланы түзге отырғызудың алдында анасы өзінің тырнағын алып, сонан соң қолын сабындап жуғаны абзал. Жас сәбидің терісі мен кілегей қабықтары аса жұқа, сәл нәрседен жарақаттанып қалатын нәзік, жыныс мүшесіне сызат түсіп, оған микроб еніп, ауру қоздыруы ықтимал. Бұл ереже, жалпы, барлық жас аналарға қатысты. Ана атанған соң боялған ұзын тырнақ - маникюр туралы ұмыта тұрасыз.
Баланың құйрығының арасы, шабы пысып кетпеуі үшін тазалағаннан кейін ол жерлерге қайнатылған күнбағыс майын жағып немесе балалар опасын сеуіп қою керек.
Баланың беті - қолын және астын ұдайы жуып тұрудың гигиеналық қана емес, сонымен қатар тәрбиелік те мәні бар. Жинақы жүріп, күн сайын дәрет алуды, іш киімдерін алмастырып киюді қыз бала жасынан әдетке айналдырсын. Сонда жылдан - жылға бұл шаралардың мәні арта түсіп, ақыры табиғи қажеттілікке айналып кетеді.

ak-kelin.kz