Әрбір қыз бала үшін тұрмысқа шығып, ана атану парыз болғанымен, бұл маңызды шешімді қабылдар кезінде айтарлықтай қобалжу мен толқынысты сезім-күйді бастан өткереді. Өмірінің болашағын қол ұстасқан ер адамымен байланыстырып қана қоймай, қыз күніндегі өміріне қош демек. Шектен тыс еркелік те, құрбылармен қыдыру да, тіпті өз уақытына өзі қожа, өз би болған ару енді өзгенің қарамағында, тәртібінде, иелігінде болмақ. Кез келген бойжеткен тұрмысқа шығуға дайынмен деп айтқанымен, оны іштей бірнеше сауалдар мазалайды. Ендеше ол қандай сауалдар? 1. Мен дұрыс таңдау жасадым ба?! Мен оны жақсы танып-білдім бе? Осы сауалдар шешім қабылданып қойса да, мидың бір бұрышынан қылаң береді. Алайда бұл қорқатындай мәселе емес. Бастысы, сіздің таңдаған адамыңыз да сізді түсінгені және оның сізді шын көңілімен таңдағаны керек. 2. Қандай келін боламын және жақсы келін болу қолымнан келе ме?! Бұл сұрақ бәріміздің де басымыздан өтетін және түбінде шешімі табылатын сұрақ. Яғни, тамағым дәмсіз болса не істеймін? Танертең ұйықтап қалсам не болады? Нанды қолдан жая алмаймын! Айта берсек, іштей мазалайтын сұрағымыз көп. Алайда шектен тыс қорқып-дүрлігудің қажеті жоқ. Қазақта келін бәрін беске біліп келу қажет деген ереже жоқ. Екінші анаңыз (енеңіз) бағыт-бағдар беріп, ақсап тұрған жеріңізді түзеп, үйренуге көмектеседі. 3. Болашақ енем қандай адам? Өзімнің анама ұқсай ма? Тұрмысқа шықпай жатып, қыз баланың көкейінде болашақ ата-енем жақсы адамдар болса екен деген іштей тілегі қатар жүреді. Тіпті, кейбірі сол үшін алаңдап, уайымдауы да мүмкін. Есіңізде болсын, қандай ата-ене болмасын, сізді жақсы көреді. Қате кеткен тұсыңыз болса, түзетуге немесе ақыл айтуға тырысады. 4. Тойымыз жоспардағыдай өте ме?! Бұл да арулардың ешкімге айтпаса да, іштей ойлап жүретін сауалдарының бірі. Тіпті, кейбірі тұрмысқа шықпай жатып, ақ көйлегі мен той жоспарын алдын-ала құрып тастауы мүмкін. Оны сөгудің де қажеті жоқ. Бастысы, сіз тұрмысқашығуға дайын болыңыз. 5. Көп уақытым сүйіктімнің жанында өтеді. Иә, сіз бақыттысыз! Жар атанып, келін болдыңыз. Жас ана атанып, бөбегіңізді қолға алған күніңізді де елестете бастайсыз. Не болса да қазақ қызы, әрдайым ойыңыз жақсылыққа жүйрік болсын! Отбасылық өмірде бақытты сәттеріңіз бен жақсылыққа толы күндеріңіз көп болсын!