Кейбір ата-ана баласының артық салмағын ойын-күлкіге айналдырады. Қалжың есебінде айтылған сөздер баланың көңіліне ауыр тиеді. Бұл сізге «жай ғана ойын» болғанымен, балаңыз үшін ауыр соққы. Себебі әрбір бала үшін ата-ана – дүниедегі ең жақын адамы, қорғаны.
Сонымен қатар балаға сымбатына көңілі толмайтын ата-ананың іс-әрекетінің де әсері мол. Анасы үнемі калория санап, айнаға қарап, өзін «толықпын» деп сөгетін болса, қызы да бұл әдетті бойына сіңіреді.
Қыз бала өзіне сенімді болып өсу үшін не істеу керек?
Әрбір бала өзінің анасын әлемдегі ең сұлу, ең ақылды, «ең-ең!» деп санайды. Оған сіздің сыртқы келбетіңіз, артық салмағыңыз маңызды емес. Егер жұмыс күніңіз ауыр өтсе, кешкісін балаңызды құшақтап: «бүгін мен үшін ауыр күн болды, алайда көңіл-күйімді түсірмей, жұмысымды атқарып шықтым» деп айтыңыз. Мұндай көзқарас баланың рухын мықты етіп қалыптастырады. Есейгенде ол кез келген қиындыққа төтеп бере алатын болады.
Өкінішке орай, мұндайда кейбір ата-аналар: «осы сендерді асыраймын деп-ақ діңкем құрыды, ауру болдым», т.б. сөздерді қарша боратып, бала-шағасын аяғынан тік тұрғызады.
Өз-өзіне «мен әдемімін, сұлумын, рухым мықты, кез келген мәселені еңсере аламын» деп айта алатын ананы көріп өскен бала да өзіне сенімді, бақытты болып есейеді.
Мақтау сөзді қабылдап үйреніңіз
Достарыңыздың бірі «бүгін сұлу болып кетіпсің» десе, «жоқ, жай ғана жаңа тоналды крем жақтым» немесе «ойнап айтасың ба?» деп жауап беру әдетінен арылыңыз. Мұндай сөздер өзіңізге көңіліңіз толмайтынының белгісі. Күлімдеп «рақмет» деудің не қиындығы бар? Келесі жолы сіз сол адамнан екі есе мақтау сөз естисіз. Өзіңіз де жұртқа мақтау-мадақтау сөз айтып дағдыланғаныңыз абзал.
Сөздеріңізді саралаңыз
«Күмпиген», «семіз», «томпақ» сынды сөздерді айтпауға тырысыңыз. Туған балаңызға мұндай сөздерді айтатын болсаңыз, ол өзіне сенімсіз, денесіне көңілі толмайтын адам болып өседі.
Үнемі «көмірсу, зиянды тағам, ақуыз» деп қалшылдап, дірілдеудің қажеті жоқ. Тамақтың жаманын айтқанша, жақсысын талқылап, пайдалы тамақтану нормасы жайлы жиірек «дәріс оқып» тұрыңыз. Бала сіздің әрбір сөзіңізді естіп, жадына сақтайды. Жаман нәрсені де, жақсы нәрсені де өз бойына сіңіреді. Сол себепті сөйлемес бұрын не айтқалы жатқаныңызды саралаңыз.
Шомылуға бірге барыңыз
Денеңізге көңіліңіз толмаса да, баламен бірге бассейн, су қоймасына барып, шомылып тұрыңыз. Өзіңізге сенімді жүріп, ойын ұйымдастырып, күнге күйіңіз. Қабақты түйіп, өзгелердің мінсіз дене сымбатына қызғанышпен қарайтын болсаңыз, балаңыз да сол әдетті бойына сіңіреді.
Әр бала анасының жүріс-тұрысын еріксіз қайталайды. Сол себепті сөздеріңізді, жүрісіңізді үнемі бақылап жүріңіз.
Іске сәт!