Бірнеше жылдан бері қыз алдында тізереп тұрып ұсыныс жасау одан кейін ғаламторға жүктелетін I said yes жазбасы сәнге айналған. Раушан гүлдер, екі ғашықтың суреттері арқылы жасалған видео-ролик, мыңдаған көрермен, көңілді шу мен қыздың таңқалысы... Әрине, бұл сәтті қыздар асыға күтетіні анық. Бірақ, жігіттің қыз алдында тізерлеуі қаншалықты дұрыс? Бұл туралы жастар не дейді? Диана, 18 жас: Әрине, салтанатты түрде ұсыныс жасап, қолыма жүзік тақса ғой деп күтетінім анық. Бірақ, тізерлеп отырғанын жөн көрмес едім. Өйткені, менің білуімше, тізерлеп отырып тек кешірім сұрауға болады. Ал, қуанышты сәтті жамандықтың нышанымен бастауға болмайды. Ануарбек, 22 жас: Мен өзімнің сүйіктіме ұсыныс жасауды ойлап жүрмін. Әрине, қорқыныш бар. Бірақ, тізерлеп отырғым келмейді. Меніңше, оңашада, гүл ұсынып, жарым болшы деген әлдеқайда ерекше секілді. Дархан, 22 жас: Қызым нені қалайды, солай жасайтын болармын. Өйткені, қыздардың көңілінен шығу қазір оңай емес қой. Тек осылайша жолын таппасақ... Мерейлім, 20 жас: Неге тізерлеп отырып ұсыныс жасамасқа?! Бұл адамның өмірінде бір-ақ рет болатын жайт қой. Оны ерекше атап өтпесек, кейін еске қалай аламыз?Маған жігітім ерекше ұсыныс жасаған кезде ғана иә деймін. Назерке, 22 жас: Меніңше, шын сүйетіндер үшін ұсыныстың қалай жасалғаны маңызды емес. Бастысы, бұл жерде тек зейін ғой. Адамдар өздерін бір сәт бақытты сезінгісі келеді де осындай алдамшы сәттерді ойдан шығарып алады. Перизат, 19 жас: Тізерлеу арқылы ұсыныс жасау дәстүрге айналғалы қашан?! Несіне қымсынады? Ұсынысты тек бір-ақ жасайды ғой. Ол да есте қалатындай өткені жақсы. Ислам, 20 жас: Мен ешқашан қыз баланың алдында тізерлеп отырып, ұсыныс жасамас едім. Кейде сондай жағдайдың куәгері болған кезде, көз алдыма болашақта жарының дегенінен шықпайтын ер азамат елестейді. Тимур, 20 жас: Тізерлеп отыру жалыну, кешірім тілеу, бас ие отырып, сенің құлың болайын дегенді білдіреді. Барлық тарихи фильмдерде тек лауазымы төмен адам ғана тізерлеп отырады. Жеңілуді де тізе бүкті деген тіркеспен сипаттайды. Менің таңдауым жоқ. Иә, бақыт үнсіздікті сүйеді. Қыздардың көңілі үшін бір уақыт тізе бүгіп отырғанның еш айыбы да болмас. Бірақ, бұл кезде жігіттік намыс сынға алынбай ма? Сізді шын сүйсе, сыйға тартқан 15 түйір раушан гүлі мен сақинаға да бақытты болары анық. Сіз не дейсіз, оқырман?