- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Қыста баламен далаға...
Қыста баламен далаға шығарда ескеретін жайттар
Кей ата-аналар баланың тұмаулатып қалуынан қорқып, қыста далаға аз шығарады немесе кейде тіпті, шығуына тыйым салады. Аязды күні далаға баламен шығарда нені ескерген жөн?
Далада қанша уақыт серуендеу керек?
Далада жүру уақыты баланың жасына байланысты өзгереді:
- 3 айға дейін серуендеуді 20-30 минуттан бастаған жөн. Серуендеуге -5° дейінгі температура қолайлы болып саналады. Егер термометр көрсеткіші одан да төмен болса, үйде болған дұрыс;
- 3-4 айдан бастап -10° температурада 1 сағаттай серуендеуге болады. Алайда, далада жел болмауы керек және бала дұрыс киінген болуы тиіс;
- Дәрігерлер 2 жастан бастап баланы күнде сағат 16:00-ге дейін (қанша уақыт болса да) далаға шығаруды ұсынады. Тіпті, -15° температурада да баланың далада ойнауы иммунитетті көтеруге көмектеседі;
- 4 жастан кейін балалар одан да көп серуендей алады. Алайда температураның -15°-тан төмен болмағаны және далада жел болмағаны жөн.
Қарны тоқ бала далада қуана-қуана серуендейді. Сондықтан серуендеуге арналған ең жақсы уақыт – таңғы және түскі астан кейінгі кез.
Баланы қалай дұрыс киіндіру керек?
Қымтап киіндірген балалар жиі ауырады. Бала ересекке қарағанда көбірек қозғалады, сондықтан ол өте қалың киімнен ыстықтайды. Ағзадағы жылу алмасу бұзылып, қызып кетеді. Баланы дұрыс киіндіру үшін өзіңіздегі киім қабатын санап, баланы да соншалықты қабаттап киіндіріңіз. Бір қалың киімнің орнына бірнеше жұқа киімді қабаттап кигізген жөн.
Баланың тонғанын қалай білуге болады?
2-3 жасқа дейін баланың майлы қабаты өте жұқа және жылуды реттеу жүйесі толықтай қалыптаспағандықтан баланың ересектерге қарағанда қатты салқындап қалу қаупі жоғарырақ болады. Егер баланың өңі бозарып, ұйқысы келгенге ұқсаса, оның тонып қалғаны. Ол дірілдеп, тісі тісіне тимей қалшылдай бастаса да, бірден үйге кіріңіздер.
Бала салқындап қалса, не істеу керек?
Жылы жерге кіріп, ылғал киімін құрғақ киімге ауыстырып, ішуге жылы сусын беріңіз. Баланы уқалап, массаж жасаудың қажеті жоқ.
Тұмау кезінде серуендеуге бола ма?
Егер балада жоғары температура болса, қай жаста болса да далаға шығуға болмайды. Егер температура болмаса, бесікарбада жататын баламен далаға шығуға болады. Бастысы, бала далада терлемеуі керек. Ал жасы үлкендеу балалармен тұмау кезінде далаға шығу ұсынылмайды. Себебі олардың төсекте жатып емделгені дұрыс.
Балалық шақтың тәтті естеліктері өмірді ұзартады
А. Жапатова