- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Қысқы киімдерді қалай...
Қысқы киімдерді қалай дұрыс сақтаймыз?
Күн жылынып келе жатыр. Ендеше, ауыр сыртқы киімдер мен қысқы аяқ киімдерді салып тастай беруге болады. Келесі қысқа дейін киімдер жақсы күйде болуы үшін оларды дұрыс тазарту және сақтау маңызды. Жаңа маусым алдында қысқы гардеробты реттеуге кіріскен болсаңыз, сізге қажет болатын бірнеше базалық ереже ұсынамыз.
1. Маусым соңында сүйікті пальтоңызда ұсақ ақаулар бар-жоғын тексеріңіз. Мысалы, ілгектері босап қалған немесе қалтаның іші жыртылған болуы мүмкін. Оларды киімді салып тастар алдында жөндеп немесе тігіп қойған жөн. Егер маусым бойы пальтоны жиі киген болсаңыз, оны химиялық тазалауға тапсыруға болады. Ал егер киіміңіз жақсы күйде болса, оны шамалы сулап үтіктеп, кептіру жеткілікті.
2. Пальтоны бүктеп жинамай, киім ілгішке іліп сақтаған дұрыс. Пальто пішінін жоғалтпас үшін оған ауа өтетін мата қап пен ұштары дөңгелектелген жалпақ киім ілгіш алған жақсы.
3. Кедір — күйе көбелектен құтқаратын ең жақсы зат. Сыртқы киім салынған қаптарға және трикотаж киімдер салынған жәшіктерге арнайы кедір шарларын, кедір жоңқасы бар қапшаны немесе кедір эфир майына малынған мақта дискісін салып қойыңыз.
4. Қысқы күрткені салып тастар алдында міндетті түрде оны жуып алу керек. Күртке заттаңбасындағы күтімге қатысты ақпаратты зерттеңіз. Себебі кей күрткелерді кір жуғыш машинаға жуу ұсынылмайды. Күрткені кір жуғыш машинаға салғанда сықпайтын режимді таңдаңыз және жуатын сұйық құрал пайдаланыңыз. Содан соң күрткені толықтай кептіру маңызды: оған 48 сағаттай кетуі мүмкін. Киім кепкенше оны арасында сілкіп алып тұрыңыз, әйтпесе, мамық бір жерге жиналып қалуы мүмкін. Күрткелерді бүктеп жинап сақтауға болады, бірақ қатты тығыздап тастау ұсынылмайды. Күрткелерді де ауа кіретін мата қапта сақтаған жөн.
5. Жүннен тоқылған жемпірлерді әр кигеннен кейін жуудың қажеті жоқ. Оны киімге арналған щеткамен тазартып, балконға желдетіп алу жеткілікті. Тоқылған киімдерді жиі жусаңыз, олар жылдам тозып, түктеніп, пішінін жоғалтып алады.
6. Күйе көбелек киімдеріңізді бүлдірмес үшін 2-3 айда бір шкафтың ішін шаңсорғышпен сорып, ылғал шүберекпен сүртіңіз. Содан соң шкафтың есіктерін ашып қойыңыз: жәндіктер күннің көзінен қорқады.
7. Аяқ киімді салып тастамас бұрын оны жақсылап тазарту керек: табанын судың астында жуыңыз, ұлтарақты ылғал шүберекпен сүртіңіз және аяқ киімнің үстіне арнайы тазартатын көбік жағыңыз. Аяқ киімді тазартып болған соң, оны жақсылап кептіріп, крем немесе май жағыңыз.
8. Былғары етікте қыртыс немесе тіліктер пайда болмауға қалыпұстағыш көмектеседі. Әрине, бұл мақсатта оның ішіне бүктелген қағаз салуға болады. Бірақ сүйікті аяқ киіміңізге кедірден жасалған етік қалып сатып алған артық етпейді: ағаш ылғалды жақсы сорады және аяқ киімді іштей иіссіздендіреді.
А. Жапатова