- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Қысқатолқынды пешті тазалаудың...
Қысқатолқынды пешті тазалаудың оңай жолы
Қысқатолқынды пешті (микроволновка) химиялық заттарсыз тазалаудың жолдары жетерлік. Солардың кейбіріне тоқталып өтсек жөн болар.
Су мен сірке суы
Екі стақан суға екі ас қасық сірке суын қосып, араластырып қысқатолқынды пештің ішіне салып, 5 минут ысыту керек. Пешті ашқаннан кейін кір мен қақ, май мен дақтың езіліп түскенін көресіз, оны салфеткамен не шүберекпен сүртіп тастаңыз.
Ал егер кір мен дақ дұрыс езілмей қалса, онда қайтадан сірке суын стақанға құйып, пешке қойып ысытыңыз. Яғни, бәрін қайтадан істейсіз. Сонда езілуі мүмкін.
Негізінде сірке суымен пештің сыртын да жууға болады.
Су мен лимон
Лимонның пайдалы тұсы кір мен сасық иісті жақсы кетіреді. Жарты литр жылы суға бір ас қасық лимон қышқылын қосып араластырып, пештің асты-үстін, іші-сыртын сүртіп шығыңыз.
Егер лимон қышқылын таппай қалсаңыз, онда лимонды сығып, 4 ас қасық шырынын қысқа толқынды пештің ішіне салуға болатын ыдысты таңдап, соған су құйып аралыстырыңыз. Содан кейін пешке салып қыздыру керек. Пешті 5 минут қосу қажет. Ысығаннан кейін ыдысты бірден алып шықпай ішінде 10 минуттай қалтырыңыз.
Содан кейін ғана пешті ашып, шүберекпен сүртіп аламыз.
Су мен сода
Қысқатолқынды пеш қатты кірлеп кеткен кезде, су мен соданы қолданған жөн. Жарты литр жылы суға бір ас қасық сода қосамыз. Жақсылап араластырып, пешке салып, 3 минут қыздырамыз. Пештің қуаты барынша жоғары болғаны жөн. Қызып біткеннен кейін пештің ішін шүберекпен сүртіп алыңыз, болды.
Қысқатолқынды пешті айына екі рет жуып тазалап тұрған дұрыс. Ал пештің іші майланып кетпесін десеңіз, ысытқыңыз келген тамақтың бетін жауып салған жөн.
Айта кеткен жөн, пештің ішін тазалауға темір заттарды (ысқыш мәселен) қолдануға болмайды.
Қ. Слямбек