Қазір құмыраларда әзірленген тағам түрлері ерекше танымал болып барады. Оның себебі құмырадағы тамақ өте дәмді, хош иісті болып піседі. Қыш құмыралары туралы кейбір ақпаратпен таныс болыңыздар.
Саздан жасалынатын ыдыс берік, сонымен қатар экологиялық таза болады. Қыш құмыраларында дайындалған тағам дайындалу әдісіне байланысты дәрумендер мен пайдалы қосылыстарын жоғалтпай піседі. Құмыра қабырғалары, түбі, қақпағы да бірдей ысып, тағам бұқтырылып, өз сөлінде дайындалады.
Қыш құмыраларында ботқа, көкөністер, ет, құс еті, балық дайындаса болады. Қою сорпа түрлері ерекше дәмді болып піседі. Өте ыңғайлы, сонымен қатар өте дәмді болып шығады. Дайындаудың басқа әдістеріне қарағанда аз уақыт алып, көп ыдысты да кірлетпейді.
Құмырадағы әр тағамның пісу уақыты түрлі болады. Сондықтан тағамыңыздың жартысы піспей қалмасын десеңіз, не тамаққа салатын құрамдас бөліктерді алдын ала қуырып, не құмыраға бір-бірлеп салыңыз. Етті де алдын ала дайындаған дұрыс.
Құмырағадағы тағамға артық су не сорпа құю қажет емес, себебі тамақ өз шырынында дайындалады. Сондай-ақ артық май құймай-ақ қойсаңыз болады, тағам онсыз-ақ татымды болып шығады.
Құмыраны қолданбас бұрын оны 15 минут - 1 сағатқа ішіне су құйып қойған дұрыс. Құмыраны алдын ала ысыған пешке қоймаңыз.
Құмыраны ыдыс жуатын сұйықтықпен жумаған дұрыс. Кетпейтін дақтарды не майды ас содасымен жуса болады. Жуғаннан кейін оны әбден кептіру керек.
Дүкенде құмыра алғанда әрқайсысында жеке сынық не жарықтардың бар-жоғын тексеріңіз.
Құмыраның ең дұрыс мөлшері 500гр.
Ал мына жерде құмырада дайындалатын мәзірді таба аласыздар.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: comfort-kitchen.ru