Күйеуінің әйеліне, әйелінің күйеуіне жазған қырсық хаттары.
Сүйіктім!
Төркініңде жақсы тұрып жатырсың ба?
Екеуміз ұрысқаннан кейін сенің төркініңе қашып кеткеніңе тұп-тура 38 сағат 37 минут өтті. Бұл сенің үйден безіп кету тарихыңдағы ең жоғары рекордтан әлі 4 сағат 21 минут кем болып тұр. Мен сенің барып кешірім сұрап ертіп келуімді күтіп отырғаныңды білемін, өзім де солай істесем бе деп ойлағам. Бірақ, жаным, мен сенің осылай табандылық көрсетіп үйден шығып кету тарихыңа жаңа рекорд қойғаныңды қалаймын!
Мен үйдемін, барлығы да бұрынғыдай жақсы, көп алаңдап кетпе. Сен барлық «байлықты» алып кеткеніңмен, менің экономикалық қайнарым әлі де үзілмеді, Құдайға шүкір, қолымда сенімді қарыз банк карточкасынан біреуі бар, сенімді қарыз деген жақсы екен, қазірге дейін мен 5 көйлек, 7 іш киім, 12 пар шұлық сатып алдым. Межелеуімше, сен келгенше күніне біреуден кисем, жетіп қалар, әйгілі марка деген әйгілі марка ғой, азырақ қымбат болғанымен, шыдамды келеді.
Менің тамақтануыма да алаңдауыңның қажеті жоқ, мен 7 жердегі жаңа ашылған қонақжайға барып, тамақтарын татып көрдім. Балық, сорпа және ет үшеуі мені жалғызсырамасын деп күнде жанымда болуда. Оның үстіне олар бір отырғанда ыстық-суық салаттармен қатар, қымбат арақтарды да бұйыртып қояды екен. Менің де тойтаруға амалым қалмады, менің бет-беделге өте мән беретінімді білесің ғой.
Менің мазамды әбден алғаны – қарама-қарсы үйге жаңадан көшіп келген әлгі жас келіншек. Тіпті күніне 3 рет келіп, ананы-мынаны сұрап, есімді шығарды. Бірақ сен алаңдама, мен әсте ондай іске бармаймын. Бұл жағында маған «сенетініңді» білемін.
Үйдегі гүлдерге келсек, мен оларды құрғақшылық пен құмайттаунуға ертерек көндіксе деймін, оларға әлі су бермедім. Мұным олардың биологиялық өзгеріс жасауына себі тиеді деп ойлаймын. Ал әлгі мысығымыз сен құсап төркініне барып алған сияқты. Біраз уақыт болды, оны үйден көре алмадым.
Айтпақшы, сен әлгі екі бауырыңның қызулыққа басып мені іздеп келіп, ақылсыз іс істеп қоюынан қам жеме. Мен кеше ол екеуін шақырып біраз әңгімелесіп, екеуміздің арамыздағы көптеген құпиялықты айтып бердім. Олар да менің қолымды ұстап тұрып: «Жезде, қиналдыңыз...» деп жылап жіберді.
Мен барып сенен кешірім сұрап, үйге ертіп келемін. Бірақ сен де аз уақыт ата-анаңның қасында болғаның жөн. Бала деген ата-анаға опалы болу керек қой, солай ма?! Ол кісілер де сені сағынып қалған болар.
Ескерту: Егер ертең сен үйге қайтпайтын болсаң, мен Айгүлмен бірге сыртқа шығып демалып қайтамын. Әйтеуір онысыз да үйде бос жатырмын ғой. Үнемі оның көңілін қалдыра берсем, болмас. Не дегенмен қыз баласы емес пе, көңілін аулайын.
Сау бол!
Сәлеммен: Сүйікті күйеуің
***
Сүйіктім!
Жазған хатыңа рақмет.
Мен қазір төркінімде өте жақсы тұрып жатырмын. Артық уайымдап басыңды қатырма. Саған айтуды ұмытып кетіппін ғой, барлық банк карточкаларының кілт сөздерін өзгертіп тастағанмын. Негізі сенің экономикалық жағдайыңа сәл алаңдаған ем, сенімді қарыз карточкасын жақсы қолданып жатыр екенсің. Болды онда, көңілім орнықты.
Бұдан бөлек, саған бір ақ ниетті пікір айтайын, ас үйдегі екі қап «даяр кеспе» бар еді. Қазір тамақтануың жақсы болғанымен, аз күнде сенімді қарыз карточкасының сенен көңілі қалғасын, әлгі балық, сорпа, еттеріңнің де уақыты болмай, жаныңда бола алмай қалса, саған керек болады.
Тағы, менің атымнан жаңа көршімізге сәлем айта сал, ол үйдің жарық, жылу секілді барлық ақысы әлі төленбегенін мен жақсы білемін, аз күнде ол көршіңмен де қоштаса жатарсың. Дұрыс, үйдегі гүлдерді суарушы болма. Менің еккен гүлдерімнің барлығы құмды жерде өсетін гүлдер. Ал мысығым қазір менімен бірге, адам баласымен бірге тұруға көндігіп қалыппын деп қайтып келіпті.
Менің сүйікті бауырларым әсте сені мазаламайды. Олар маған ертерек ажырасып, қолынан іс келетін жігіт тап деп отыр.
Үйде болудың рахатын енді ғана сезіндім, кір жуып әуре болмайсың, үй тазаламайсың, тамақ жасап, сені күтіп отырудың да қажеті жоқ, емін-еркін жүріп күнде қыдырасың, өте көңілдімін.
Ертең Айгүл екеуің көңілді демалып қайтыңдар. Естуімше, оның жаңа тапқан жігіті бокстан спорт шебері екен. Шын-өтірігін білмедім. Әйтеуір, абай бол. Менің өтірік өсек айтпайтынымды білесің ғой.
Сау бол!
Сәлеммен: Сүйікті әйелің
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: baidu.com