- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Күйеуіңді қалай көндіруге...
Күйеуіңді қалай көндіруге болады?
Әйел адамдар арасында «жолдасым ақша бермейді», «күйеуім көп нәрсеге шектеу қояды, рұқсат етпейді» деген шағымды жиі естиміз. Соған сәйкес оны қалай көндіруге болады деген сұрақ та мазалайды. Негізінен әйел адам бір нәрсені ойына алса, қайтсе де дегеніне жетеді.
Өтінішіңізді айтпас бұрын оны көздеген нәрсеңізбен таныстырыңыз. «Осылай жасайық», «мынаны алайық», «... берші» деуге әлі асықпаңыз. Бұл жолы жай ғана көрсетіңіз. Ол нәрсе туралы пікірін біліңіз.
Келесі жолы күйеуіңіз өзі қызыға түсетіндей амал ойластырыңыз. Сатып алғыңыз келетін нәрсе болса, өзгелер қалай қолданып жүргенін көрсетіңіз. Басқаша айтқанда, жарнама жасаңыз. Бірақ әлі өзіңіз алғыңыз келетінін айтуға асықпаңыз. Сіз өтініш білдіргелі тұрған нәрсе туралы бірінші боп өзі айтуы да мүмкін. Ал ешқандай реакция білдірмей жатса, енді қалауыңызды ашық айта бастайсыз. Келесі жолы осы әңгіменің сәті түсер уақытты күтіңіз. Жолдасыңыздың көңілді, күліп отырар сәтін жіберіп алмаңыз.
Күйеуіңізге айтатын өтінішіңізді, идеяңызды алдымен «өзіңізге сатыңыз», яғни бұл өтінішті не үшін айтып отырсы, оны орындаса қандай тиімді тұсын, пайдасын көресіз – өзіңізге анықтаңыз. Мәселен, бір көйлек алғыңыз келеді делік. Бұл көйлекті алғандағы түпкі мақсатыңыз қандай? Үйдегі басқа көйлектерден ерекшелігі неде? Неге дәл осы көйлекті алғыңыз келеді? Шынында да осы киім сізге қажет боп тұр ма әлде күйеуіме дегенімді жасатуым керек деген принциппен ғана алғыңыз келе ме? Осы мәселені өзіңіздің алдыңызда шешіп алыңыз.
Құндылық ұғымы туралы жақсылап ойланыңыз. Адам біреуге ұсынатын нәрсесі өзі үшін қаншалықты құнды екенін және шын қажет екенін толық сезінбейінше, ол ойына өзгені де сендіре алмайды.
Ең бастысы, бұл шешімнің күйеуіңіз үшін де тиімді тұсын тауып алып, аргумент келтіріңіз. Өз жолдасыңызды жақсы танитын болсаңыз, көнбейді деп тұрған өтінішіңізге қандай қарсы жауаптар айтатынын шамалап біліп отырасыз. Қай қарсылығын қандай дәлелмен жабатыныңызды да алыңыз. Айттыңыз, ұсындыңыз, шешімді өзі шығаруын күтіңіз. Сіздің үгіттеуіңізбен, көндіруіңізбен амалсыз келіскендей болмай, осы шешімді өз еркімен қабылдағандай әсер қалдырыңыз. Егер әлі де дегеніңізге жетпей жатсаңыз, жай ғана күтіңіз.
Одан соң бұл тақырыпты мүлдем қозғамайсыз. Қайта-қайта айта берсеңіз, өтінішіңізді орындамауына жағдай жасай түсесіз. Соңында «миымды жей бермеші» деген жағымсыз жауап естисіз. Арада біраз уақыт өтіп, бұл тақырып ұмытыла бастады-ау деген кезде аяқ астынан «Мен осылай жасайтын болдым» (алатын болдым, баратын болдым) деп шешім қабылдап қойғандай сыңай танытыңыз. Жолдасыңыз өзін тыңдамады, шешіміне қарсы шықты деп ашулануы мүмкін. Мұндайда әзілге айналдырып, ситуациядан шығып кетесіз. Көп жағдайда қайтпайтыныңызды, іштей шешім қабылдап қойғаныңызды, бұл сіз үшін шынымен маңызды екенін көріп, үнсіз келісуі керек.
Бұл мысалды тек күйеуіңіз емес, жақыныңызға, тіпті клиентіңізге де қолдана аласыз.
@. @assel_assanova