Нәзік жандылардың нәзік дүниеге құмар болатыны белгілі. Бөлмеге не кеңсеге сән беріп, ерекше аура сыйлайтын гүлдердің көп күтімді қажет етпейтіндері де болады. Өсімдікке көңіл бөлуге мұршаңыз болмайтын болса, мына гүлдерді біліп жүріңіздер.
Хлорофитум (Chlorophytum)
Мыңжылдық өсімдіктер қатарына жататын бұл гүл күй таңдамайды. Көлеңкеде де, күн көзінде де, суық не жылы жерде де өсе береді. Бір ай суармасаңыз, құрғап, солады, бірақ өлмейді. Суарған сайын тамыры ірілей түседі. Басты ерекшелігі – ауадағы токсиндерді жояды.
Сансевиерия (Sansevieria)
Мыңжылдық гүлдері қатарына енетін бұл гүл де көлеңкеде де, күн көзінде де өсе береді. Күн көзінде тұрса, жапырақтарының түсі өзгереді. Сансевиерия құрғақ ауадан да, өкпек желден де қорықпайды. Дегенмен, жиі суарып тұруды қажет етеді. Ал қыста мүлдем суармауға болады. Өйткені көктем шыққанға дейін суарсаңыз да, суармасаңыз да гүлдемейді.
Эпипремнум (Epipremnum)
Бұл гүл ұсақтығымен ерекшеленеді. Көлеңкеде жапырағының түсі жап-жасыл болып, кішірейе түседі. 15°С-тан төмен температураға және өкпек желге шыдамсыз. Ауаны формальдегид пен ксилолдан тазартады.
Хойя карноза (Hoya carnosa) немесе бал шырмауық
Бұл гүл шырмауық тәрізді: 6-7 метр болып шырмалып өседі. Жиі суарғанды ұнатпайды. Күн көзінде тұрса, әдемі гүлденеді.
Крассула (Crassula) не ақша гүл
Бұл гүлдің биіктігі жарты метрге дейін барады. Жапырақтары дөңгелек тәрізді, қою жасыл түсті болып келеді. Күннің көзінде тұрғанды ұнатады. Көлеңкеде қалып қойса, жапырақтары ұсақталып кетеді. Дымқыл топырақты ұнатпайды.