- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Күмістің қараю себептері...
Күмістің қараю себептері
Денедегі күмістің қараюы ел арасында көз тигеннің, дене мүшелерінің ауыратындығының белгісі саналады, бірақ көп жағдайда мұның себебі басқада. Зергерлік бұйымдардың құрамында әдетте күмістен басқа тағы қоспалар болады. Дәл солар бірнеше себепке байланысты күмісті тотықтандырады.
Күмістің қараюының негізгі себептері
Күміс әшекейлердің қараюының басты себептерінің бірі ауада күкіртті сутектің болуы. Адам терлегенде, зергерлік бұйымдар суланып, көптеген заттектердің әсеріне бөленеді, нәтижесінде күрделі биохимиялық реакция жүріп, металл тотыға бастайды. Денсаулыққа мұның еш зияны жоқ, ал күміс эстетикалық келбетінен айрылады.
Сонымен қатар, денедегі күміс, антибиотиктер, несеп айдағыш препараттар, дәрумендік комплекстер, сыра ашытқысы және т.б. емдік препараттар мен биологиялық белсенді қоспаларды тұтынудан қараюы мүмкін. Өйткені белсенді компоненттердің бір бөлшегі терге еніп, оның құрамын өзгертеді.
Металл қандайда бір емдік препаратты тұтынғанға дейін қарайып па еді, есіңізге түсіріп көріңіз. Егер есіңізге түспесе, ем алу мерзімі аяқталған соң тазартылған зергерлік бұйымның реакциясын бақылаңыз.
Егер сіз соңғы кезде дене күтіміне арналған құрылғыларды, крем, дезодорант, душқа арналған гельді ауыстырған болсаңыз, солардың құрамында металлды тотықтыратын компоненттер болуы мүмкін. Теріге сіңетін немесе тердің құрамын өзгертетіннің барлығы күмістің қараюына себеп бола алады.
Егер сіз бұрындары мұндай құбылысты ешқашан байқамаған болсаңыз, ал соңғы кездері ешқандай дәрілік препараттарды пайдаланбаған және тұтынатын тағам құрамын өзгертпеген болсаңыз, сонымен қатар бұрынғы косметикалық құрылғыларыңызды пайдаланып жүрсеңіз, онда денсаулығыңызға мән беріңіз.
Кейде зергерлік бұйымдар бүйрек, бауыр, жүрек-тамыр жүйесі және т.б. сыр бергенде қараяды. Егер сіз өзіңізді жайсыз сезініп жүрген болсаңыз, дәрігерге қаралыңыз, тым құрығанда қан тапсырып, терапевтің қабылдауында болыңыз.
Күміс пен халық наным-сенімдері
Кейбір адамдар күмістен жасалған зергерлік бұйымдар уайымшылдықтан, жағымсыз сезімдерден қараяды дегенге сенеді. Бірақ бұл тұжырым дәлелденбеген, тек күйзелістен адамның тершеңдігі артады деген логикалық түсіндірмесі болмаса. Бұдан басқа адамға көз тигенде, дуаланғанда, күміс жағымсыз энергетиканы сорып алады деген сенім бар. Бірақ бұл тек болжам күйінде қалып отыр.
Егер зергерлік әшекейіңіз қарайып кетсе жаман ойдан аулақ болыңыз. Жаңа күміс бұйымдар қарайып, ал ескілері жылтырап тұрған болса – зергер шеберіне барып, әшекей бұйымның құрамын нақтылау қажет. Кейбір өндірушілер күміс қорытпаға металлдың қараюын өршітетін қоспалар қосады.
Г. Берік