- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Кір жуғыш машинаны...
Кір жуғыш машинаны тазалау
Кір жуғыш машинаны уақытылы тазалау оны жақсы күйде сақтаумен қатар, оның тиімді жұмыс істеуіне көмегін тигізеді.
Кір жуғыш машинаның ластық жинауға бейімділігі бар:
- Тығыздағыш резеңкені зең басып, жағымсыз иіс пайда болады;
- Құбырлы электроқыздырғышқа (ҚЭҚ) қақ жиналу;
- Жуатын ұнтақ, шайғыш секілді құралдардың қалдығы;
- Ағызатын сорғыдағы ластық;
- Суарма құбыршегі сүзгісіндегі тот.
Сондықтан уақыт өте келе жаңа жуылған киіміңіз бастапқы кездегідей тазалықпен жарқырамайтындығын байқайсыз. Кір жуғыш машинаны 2-3 айда бір рет тазартып тұру керек.
1-қадам. Кір жуғыш машинаның барабанын және ҚЭҚ-ты қақтан тазарту.
Алдымен кір жуғыш машинаның ішін тазалауды бастаймыз. Қақ магний және кальций тұзынан тұратындықтан, оған органикалық немесе бейорганикалық қышқылдармен әсер ету керек. Әр үйде болатын мұндай қышқылдарға сірке суы мен лимон қышқылы жатады.
1-әдіс. Кір жуғыш машинаны сірке суымен және ас содасымен тазалау.
Қажетті ингредиенттер:
- 2 кесе спиртті ақ сірке суы немесе 9%-дық қарапайым ас сіркесі;
- ¼ кесе ас содасы;
- ¼ стақан су;
- ысқыш (губка).
9%-дық сірке алу үшін 70%-ды сірке қышқылы мен суды 7:1 қатынаста араластыру керек. Ас содасы мен суды ыдыста араластырып, кір жуғыш машинаның лотогына, ал сірке суын барабанға құйыңыз. Машинаны максималды температурада және ең көп уақытқа қосыңыз.
2-әдіс. Кір жуғыш машинаны лимон қышқылымен тазарту.
Ол үшін сізге 1-6 пакет лимон қышқылы керек болады. Лимон қышқылының мөлшері машинаның көлемі мен ластану деңгейіне байланысты. Кір жуғыш ұнтақ салатын жерге лимон қышқылын салып, машинаны максималды температурада және ең көп уақытқа қойыңыз.
2-қадам. Манжетті (тығыздағыш резеңке) тазарту.
Машина өзін-өзі тазалап болған соң, тығыздағыш резеңкені тазартуға кірісіңіз. Бұл қараңғы және ылғал жерде ластық пен зең жиналғанды жақсы көреді. Оны кез келген тазартатын құралмен (мысалы, комет немесе сода) кетіруге болады. Алайда хлоры бар құралдарды жиі қолданудың қажеті жоқ, ол резеңкенің желінуіне әкелуі мүмкін. Ылғал шүберекке таңдаған құралыңызды жағып, онымен металл бөлігін, содан соң резеңкені сүртіңіз. Резеңкені тазарту кезінде қатты тартып қалмаңыз.
3-қадам. Лотокты тазалау.
Кір жуғыш машинаның нұсқамасын оқып, лотокты қалай алу керектігін түсініп алыңыз. Егер лотоктың ортаңғы бөлігінен көк деталь орналасқан болса, онда сол детальды қатты басып, күшпен өзіңізге қарай тартасыз. Егер көк деталь болмаса, онда лотокты өзіңізге және төменге тартып, содан соң абайлап оңға-солға қозғай отырып, алып көріңіз. Лотокты сірке, ас содасы және ыстық су араласқан ерітіндіге 1-2 сағатқа салып қойыңыз. Одан соң оны тіс щеткасымен тазартып алыңыз.
4-қадам. Кір жуғыш машинаның (ағызатын сорғының) сүзгісін тазалау.
Сүзгіні тазаламай жүре берсеңіз, машина ерте бұзылып, су ағызуын тоқтатады. Төменде орналасқан фильтр қақпағын ашыңыз. Қақпақты бұрап ашар алдында еденге сүлгі жайыңыз. Ағызғыштан су шығуы мүмкін болғандықтан, қасыңызға ыдыс дайындап қойыңыз. Қақпақты сағат тіліне қарсы бұрап, тесіктен барлық ластықты (шаш, жүн, тиын және т.б) алып шығыңыз.
5-қадам. Корпус пен есікті тазалау.
Кір жуғыш машинаның ішін тазалап болған соң, сыртқы жағдайын реттеу керек. Басқару панелін, есігін және машинаның сыртын жақсылап сүртіп шығыңыз.
Кір жуғыш машинаны қатты ластанудан алдын алу үшін:
- Кір жуғыш ұнтақты, ағартқыш және шаятын құралды нұсқамасында жазылғандай мөлшерде ғана қолданыңыз. Себебі артық кір жуғыш ұнтақ нәтижені күшейтпейді, ол машинада жинала береді.
- Әрқашан қалтадағы ұсақ заттарды алыңыз.
- Кірленген киімді кір машинада сақтамаңыз. Оны бірден жуыңыз және машина тоқтаған соң бірден іліңіз.
- Машинада зең жиналмауы үшін оның есігін әрқашан ашық ұстауға тырысыңыз.