Бір зейнеткер көршімді құттықтауға барып едім, кісі бойындай шыршаны қолдан жасалған ойыншықтармен безендіріп қойыпты.
– Ойыншықтарды өзім жасадым, – деді назарымның шыршаға ауғанын байқап.
"Біз ол кезде Сам құмы деп аталатын жерде тұрдық. Айнала құм болғасын шөлейт жерге тән өсімдіктер ғана өседі. Шырша деген атымен жоқ.
Жаңа жылға қатты дайындаламыз, белсенділерге мұғалімдер басты рөлдерді бөліп береді: Аяз ата, Ақшақар, сайқымазақ. Ал маған неге екені белгісіз, ұл болсам да, үнемі Мыстан кемпір рөлі тиетін. Орта сыныптардың үздік оқушылары пионерлер бөлмесіне жиналып бірнеше күн бойы ойыншықтарды, әшекейлерді жасайтын.
Кешіміз "Жасыл шырша жанында" деп аталғанмен, жасыл шыршаны кітаптағы суреттен ғана көретінбіз. Себебі біздің шыршамыздың рөлін қоянсүйек атқаратын.
Қоянсүйек - биіктігі 50 см-ден 250 см-ге дейін болатын бұта. Көктемде өте әдемі болып гүлдейді де, қыста бар көркінен айырылып, әр жерде қу бұтақтары ғана серейіп, жалаңаш қалады.
Мектептегі жаңажылдық шараға 3–4 күн қалғанда жоғары сыныптардың ішінен мектептің "Құрмет тақтасындағы" үздік оқушы ұлдары, белсенділері «Қоянсүйек операциясына» іріктелінеді. Сөйтіп, бағы жанғандар ер мұғалімдердің жетекшілігімен пішіні шыршаға ұқсайтын, ең биік қоянсүйекті әкелуге аттанады, ал қалғандарымыз оларға қызғанышпен қарап, шығарып саламыз.
Қоянсүйек бұтағы
Бір кезде олар маңғазданып оралып жатады. Біздер оларды шулап қарсы алып, қоянсүйек-шыршамызды спортзалға абайлап, кіргіземіз. Бізге де маңызды жұмыстар тапсырылады: бұтақтарының жоғарғы жағын қырқып, шыршаға ұқсатып, оны залдың ортасына орнату, техникалық сары мақтамен қоянсүйектің үстін тұтас жабу құрметіне ие боламыз. Биік сорайған қу бұтақты мақтамен жауып, көрсетпей тастау оңай шаруа емес. Мәз-мәйрам болып, дуылдасып жүріп, 2–3 сағатта жапсырып бітіреміз. Қыз балалар безендіруге кіріседі. Ақыры бас-аяғы 4–5 сағаттың ішінде қоянсүйек-шыршамыз жасанып, мерекеге дайын болады. Сосын "Аяз беттен өбеді, ай барады жылыстап..." деп қол ұстасып, шыршаны айналып жүріп, ән айтып, би билеп, көрініс қоятынбыз. Қазіргі күнгідей дискотека дегенді білмейтінбіз.
Шырша десе маған әлі сол бала күніміздегі қоянсүйек-шырша елестейді. Мектеп бітіріп кеткенше бір рет қоянсүйекті әкелу «салтанатына» да қатыстым. Әрбір адамға өз балалық шағы ыстық емес пе, маған да сол кездегі Жаңа жыл мерекесі, қоянсүйек-шырша өмірімдегі ең қымбат, ең асыл оқиғалардың бірі болып қалды.
Әрине әркім өз заманына қарай, алайда қазіргі шыршаларды дайын ойыншықпен безендіре салудың мен үшін еш қызығы жоқ сияқты", – деп жеңіл күрсініп, көршім сөзін аяқтады.
Расында да, дайын шыршаны 5 минут ішінде безендіру қызық па, әлде іздеп жүріп, таңдап, тапқан шыршаны алып, безендіру қызығырақ па?
Ал сіздер осындай ерекше шыршаны көрдіңіздер ме?
Сурет: artleo.com, Massaget.kz