- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Косметикалық құралдардың ерекше...
Косметикалық құралдардың ерекше қолданысы
Косметикалық құралдардың түрлілігі оларды күнделікті өмірде басқа мақсаттарда қолдауға мүмкіндік береді. Олардың күтпеген қолданысын біліп жүрейік.
Кеуіп қалған ескі тушьтың жаққышын тастамай, жақсылап жуып, кептіріп, қас тарау үшін қолдануға болады. Сондай-ақ осы жаққыш көмегімен қасты қоңыр қабақ бояуымен пішінін келтіре аласыз. Осылайша арнайы қас тарайтын жаққышты сатып алмай, үнемдесеңіз болады.
Астыңғы кірпіктерді бояу – көп қыздың бас ауруы. Астыңғы кірпіктер тым қысқа болғандықтан оның тек ұшы боялып, оған қоса тушьпен көз маңын кірлетіп жібере аласыз. Бұл мақсат үшін ерін бояуға арналған немесе кез келген басқа кішкентай жаққышқа бір түйір сүрме жағып, осымен бояп көріңіз. Төменгі кірпіктер толығымен боялып, көз маңын кірлетпейді.
Қабаққа арналған бояудың ерекше түстері көп жағдайда қолданбай, босқа қалып қояды. Бірақ одан әсем маникюр жасауға болатынын білесіз бе? Қабақ бояуын таза тырнаққа жағып (немесе сеуіп), үстінен мөлдір лакпен бекітіңіз.
Жаңа туфли аяққа кішкене қысып тұру керек екенін әр ару біледі. Бірақ жаңа туфлиіңіз аяққа дұрыс отырамын дегенше, аяғыңыз ауырып, жаралар пайда бола алады. Одан сақтану үшін, кәдімгі гельді дезодорантты туфлидің ішіне жағыңыз. Енді аяғыңыз ауырмайтын болады.
Қазіргі жемпірлер жаңа бола тұра, бірнеше кигеннен кейін түктеніп кетеді. Киіміңіз ескі болып көрінбесін десеңіз, жемпірді қарапайым ұстарамен тазалаңыз.
Ал сырт киіміңіз түктеніп кеткен болса, көмекке аяқты тазалайтын пемза келеді.
Ал сіз косметикалық құралдарды басқа мақсатта қолданасыз ба?
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: bigpicture.ru, avivas.ru
С. А