Көрпеңе қарап көсіл, жігіт!

Таптық мәселе талайдың махаббатының отын сөндіреді. Талайдың сағын сындырып, бағын байлайды. Адамды ақша билеген заманда мұндайға таңдана да алмаспыз. Жігіт пен қыздың арасында бетке басылатын "зілді" сөздерді тізіп көрейік.

"Не көлігің жоқ, не үйің жоқ!"

Кей қыздар жар болар жігітке алдын ала шарт қояды. Әрине, мұндай шарттар әлеуметтік теңсіздікке келіп тіреледі. Олар жаяу жүргісі келмейді. Оны жігіті келіп, көлігімен алып кетуі керек. Тек өз көлігімен! Автобус тұрмақ, такси көлігімен жүруді де ар санайын арулар жігіттің өз көлігі болғанын қалайды. Жылтыраған көлік бар жігіттің арманы десек те, ондай темір тұлпарды бәрінің қалтасы көтере бермейді. Ал тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаса, "Үйің бар ма?" деп қойып қалады. Жоқ жалдамалы пәтер емес, меншікті үй. Жоқ па? "Онда жағдайыңды жасап ал! Содан соң үйленерсің!" Жарымай қалған жағдай қашан түзелер екен? Жағдай жасаймын деп жүріп жастығы өтіп кетеді-ау.

"Менімен теңесер не дүниең бар сенің?"

Қалталы көкенің қызына ғашық болған қарапайым жігітте ес жоқ деп айтуға аяйсың. Сезіміне ерік беріп қойған ер жігітке сүйгенін қолына түсіру үшін көп еңбектің керегі рас. Ата-анасының көл-көсір байлығын айтып, қыз да көне қоймас. Сүйіп тұрса да, арада таптық мәселе қылтиып шығып тұрмай ма? Хан сарайындай зәулім үйдің адамдары Қожанасырдың лашығындай ғана қарапайым үйге құда болып келуді ар санайды. Ал бай қызы ата-анасының сөзін аттап қайда барсын? Сонда "Менімен теңесер не дүниең бар сенің?" деген ойлы сұрақ амалсыз айтылар... Расында, несі бар?

"Қалың малымның" қанша екенін білсең, жұқарып кетерсің!"


"Қалың малсыз" қыз алатын жерлестеріміз жоқ емес. Әйтсе де еліміздің кей облыстарында қыз орнына "мал" беру дәстүрі ескірген емес. Бұл жоралғыдан хабарсыз әулет үшін "ақылы қызды" келін етіп түсіру қиын іс. Осылайша, сәтті махаббат үшін тағы бір қаржылық кедергі туындамақ.  

"Сен мені кейін асырай алмассың!"

Қаржылық мәселені жиі айту ер азаматтың жүйкесіне қатты әсер етеді. Бірге отбасының керегесін керіп, шаңырағын көтерген соң тұрмыстық қажеттілік ерлі-зайыпты жандардың ортақ мәселесі болуы керек. Егер болашақ жарыңыз есті жігіт болса, ол сіз үшін болмаса да, өз отбасы үшін терлеп еңбек етеді. 

"Менің әкем болмаса, қаңғырып кетер едің ғой"


Қыздың әкесінің, не туыстарының қол астында жұмыс жасау арқылы күн көріп жүрген азаматқа әйелі тарапынан "Менің әкем болмаса, қаңғырып кетер едің ғой" дегенді есту оңай тимесі анық. Ер азаматтар ешқашан да біреуге кіріптар болғысы келмейді. Жұбайының әкесі - қайын атасы. Бұл - осыдан бөтендік іздеп "менің әкем" деп бөлініп отырған жарыңыздың қателігі. 

"Дипломың жоқ!"


"Дипломың жоқ" дейді. Кім айтты сізге "Мына әлемдегі ісі алға жүріп, керемет табыс көзін ашқан адамдардың бәрінің дипломы бар" деп? Мәселе - қабілетте, дипломда емес. Дипломын қолына алып, базар жағалап жүрген азаматтарды көрмейсіз бе? Дипломын аларын алып, үйде аяқты аспаннан келтіріп "жұмыс жоқ" деп жатқан жандардың көптігінен хабарсызсыз ба? Дипломды таза біліммен алса, басқа әңгіме. 

"Ақша таба алмайсың!"


Ақша табуға икемі жоқ адамдардың бары рас. Бірақ әркімнің өз несібесі бар. Қанағат етіп, сабыр сақтаған адам бәріне асықпай қол жеткізеді. Барлық адам ақша таба алатын болса, "бай мен кедей" деген кереғар ұғым болмас еді ғой. 

"Менің оқуымның ақшасын төлей алмайсың ғой!"


Тағы бір қаржы мәселесі үшін алған жарыңыз оқуын тастап кетуі мүмкін. Тағы да қиындық па? Сонда қайын жұрты "Төлей алмасаң, неге алдың?" деп шүйлігеді. 

Мұндай сөздерді естіп жүрген ер азаматтар аз емес. Айтып жүрген арулар да! 

Ал сіздерде осындай қиындық туындады ма?

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

суреттер: mail.ru