Қоныс тойға арналған тілектер

Құрметті оқырман, бүгін біз тағы да сіздерге арнап тілектер шоғырын жарияламақпыз. Осы уақытқа дейін үйлену тойға арналған тілектердің тұсауын кескен болатынбыз. Ендігі кезек – қоныс тойда! Ендеше, жаңа үйге кірген жақыныңыздың қоныс тойына барарда, осы жазбамызға көңіл бөлгейсіз!


Құрметті қонақтар, сіздер мына жаңа үйдің әр қабырғасынан жылылық сезініп отырсыздар ма? Мұны осы үй иелерінің бізге деген сыйластығы деп білемін. Қонақжай үй иелеріне өздерінің ашық-жарқын мінезіндей жарқын өмір тілейміз!

Қане, бәріміз төрт көзіміз түгел кезде, осы үйдің қожайынын сайлап алайық! Жоқ, кешіріңдер, бұл үйге отағасы, сен де, отанасы, сен де иелік ете алмайсың. Бұл үйдің қожайыны – бақыт болсын. Ендеше бәріміз іргесі жаңа қаланған ұяның кілтін бақытқа табыстайық! Қожайындарың сендерді ешқашан тастамайды деп сенеміз. Ол үшін сендер үй ішіндегі махаббат пен сүйіспеншілікке, достық пен сыйластыққа ие болып, жүректерің мен ниеттеріңді жиі тазалап, жамандыққа есік жауып, жақсылыққа есік ашып, көңілдеріңдегі шаң-тозаңды жиі қағып, өкініш пен өкпені жуып, кеудеден керексіз қасиеттерді қуып, кем-кетікті түгендеп, жаман қылықты жүгендеп, нәресте әлдилеп, бала тәрбиелеп отыруларың керек! Мұның бәріне қажырлы да қайратты мына отбасының шамасы келеріне сенемін. Қоныс құтты болсын!

Бүгін сендердің жаңа үйлеріңде тек біз ғана қонақ болып отырмағанымызды біліңдер! Бүгін барша жақсылық атаулы да сендердің қоныстарыңа құтты болсын айтып келді. Біз әр тілек айтқан сайын олар орындарынан тұрып, бастарын иіп жатыр. Егер өздеріңнің қонақжайлылықтарыңды білдіріп, жылы шыраймен осы көрінбейтін қонақтарды жақсылап күтсеңдер, олар сендердің үйлеріңде мәңгілікке тұрақтамақ!

Әр әйел өз айналасын жұмақтай етіп әрлендіре алатын Хауа-анадай болуы қажет. Ендеше біз де жас үй иесіне (әйел кісіге) жаңа шаңырағында жұмақ орнатуын тілейміз. Яғни үй толы жылылық пен жайлылық, достық пен махаббат болғанын қалаймыз. Әйел – үй ошағының қорғаушысы. Бұл – жауапсыз жұмыс емес.

Біз бүгін өз арамызда тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Өйткені біздің досымыз пәтерлі болды. Бұл көптің күткен қуанышы. Осы үйде тек қана той-томалаққа жиналайық!

Айналайын, пәтерлі болып отырған үй иелері, сендерді бүгінгі қуаныштарыңмен құттықтаймыз. Құрметті жиналған қауым, қолымызды жайып тұрып, Алладан бұл үйдің есігінің барлық жаманшылықтар мен бақытсыздықтар үшін тастай жабық болғанын, барлық сәттіліктер мен жақсылықтар үшін айқара ашық болғанын тілейікші!

Менің алтындарым, сендер өз еңбектеріңмен және адал терлеріңмен осы үйдің кілтін қолдарыңа алып, оң аяқпен аттап отырсыңдар. Бұл үшін біз тек қана қуанамыз. Бүгін жаққан ошақтарыңның оты ешқашан сөнбесін. Екеу болып аттаған жаңа қоныстарың үбірлі-шүбірлі болған кезде, үлкен қара шаңыраққа айналсын! Біздей жас жұбайларға осындай пәтер жұғысты болсын.

Үй салу, бала өсіру, ағаш отырғызу... Сен мұның бәрін де жасадың. Саған ғана емес, өзгеге де сая болар өз қолыңмен отырғызған ағашың бар, сенің ғана емес, өзгенің де баласы болар ұрпағыңды өрбітер тұяқтарың бар. Міне, енді өз жайлы мекенің де бар. Байдың сарайынан өзінің жыртық лашығын артық көрген Қожекеңде қадір бар ғой, шіркін! Ендеше, кеше ғана керегесі керіліп, шаңырағы көтерілген өз қонысыңа құтты болсын айтамыз!

Алтындарым, жаңа үй сендерге жаңа өмір сыйласын. Егер ескі өмірге өкініштерің болмаса, сол өмірлерің жақсы жағынан жаңғыра берсін. Бәрі жаңарсын! Сендердің жаңа үйге аяқ басқан жаңалықтарың бізді де қуантты. Сендерді өз жайларыңда көргенімізге қуаныштымын.

Жаңа қоныстан қуаныш арылмасын. Осы үйдің табалдырығын жақсылықта ғана аттайық. Осы үйдің дастарханы қуанышқа ғана жайылсын! Қоныс құтты болсын!

Құрметті досым, енді сенің өз үйің бар. Сен мұнда неге болса да еріктісің. Өйткені үйдің қожайыны да, отағасы да өзің. Бірақ есіңде болсын: жалғыз адам патшаның сарайына да сыймайды. Мына жаңа үйдің табалдырығынан жас келінді аттатқызып, үйдің ошағына ие болатын отанасын әкел. Баласыз үйдің қу мазар екенін де білесің. Ендеше бүгін жалғыз отырған шаңырағың ертең кішкентайлардың шат күлкісі мен той-думанына толсын! Сонда ғана сенің үйіңнің төрт құбыласы тең болмақ!

Азамат ер жете келе өз қонысы жайлы ойлауы керек. Тіпті құс екеш құс та балапандарын басып шығару үшін алдымен ұя салып алады. Адамның құстан несі кем? Міне, сен өз ұяңды салып бітірдің! Енді балапандарың жаурамайтын да, жалтақтамайтын да болады.

Автор: Ақерке Әбілхан

Сурет: freelance.ru