Қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне еніп кеткен бір қасиет – қонақжайлылық. Қонақ күткенді бәріміз бірдей жақсы көргенімізбен, қонақ шақырудың немесе күтпеген қонақты күтіп алудың өзіндік бір әдебі болады. Мұндайда адам өзінің көңіл-күйін көтеруді ғана емес келген қонақтардың да көңілді отырғанын ойлау керек. Сол себепті назарларыңызға қонақ күтудің басты ережелерін ұсынамыз.
1. Ең әуелі қонақтар келетін уақытқа дейін жасайтын жұмыстарыңызды тізіп бір параққа жазып шығыңыз. Ештеңені назардан тыс қалдыруға болмайды.
2. Мерекеге қарай бөлмелерді безендіріп шығыңыз. Бұл да адамның көңілін көтеріп, ерекше қуаныш сыйлайды. Мәселен, бір шоқ гүлін үстел үстіне қойған өте әдемі көрінеді. Ал қысқы уақытта үлкен әрі жалпақ гүл салғышқа түрлі-түсті әйнек шарларды салып, ішіне су құйып қойсаңыз болады. Ал оның жан-жағына арнайы судың үстінде қалқып тұратын шамдарды қойыңыз. Бұл кешкі асқа арналған безендіру. Егер де түскі асқа шақырсаңыз шамдарсыз тек шарлардың өзін салып әрлеңіз.
3. Едендер мен төселген кілемдердің тазалығына мән беріңіз. Келген адам міндетті түрде мұның бәрін аңғаратын болады.
4. Үйдегі заттардың шаңын сүртуді ұмыт қалдырмаңыз. Шаң басқан теледидар көзге оғаш көрінетіні белгілі. Сондықтан шаң тұрған жерлерді сүртуді кейінге қалдырмаңыз. Барлық жердің таза, жинақы болғаны жөн.
5. Қонақтармен түрлі ойындарды ойнауға болады. Келетін қонақ мейлі сіздің туысыңыз не дос-жарандарыңыз болсын олармен бірге ойын ұйымдастырып, жүлдегерлерге шағын сыйлық тапсыруды ұмытпаңыз.
6. Үй киіміңізді ауыстырып алыңыз. Үй қожайыны ретінде барынша жарқырaп киінбей, өз әдебін ұстаныңыз.
7. Үй ішінің ауасы таза, бөлмелерден жағымсыз иіс шығып тұрмағанын қадағалаңыз.
8. Ешқашан жақтырмаған кейіппен қонақты қарсы алмаңыз.
9. Қонақты «Сізді көргеніме қуаныштымын!», « Қош келдіңіздер!» деп ілтипат білдіріп қарсы алу керек.
10. Қонақтарды қай уақытқа шақыратыныңызды алдымен сол адамдармен бірге ақылдасып шешу керек. Сонымен қатар қонақтардың санын да біліп алған артықтық етпейді.
11. Қонақтармен танысу кезінде ең алдымен әйел адамның қол созғаны жөн. Егер қонақ кешігіп келсе, отырғандардың барлығымен бірдей амандасып шығуы шарт емес. Тек басын изеп амандасса болғаны.
12. Дастархан жайылған үстелге шақырмайынша барып отырып алған әдепсіздікке жатады. Ал «жайғасыңыздар» деген шақыртуды естігенде бірінші әйелдерге жол беріп, содан кейін ер адамдар жайғасады.
13. Қонақтар кеткенше үйді жинастырмаңыз, бұл да қонаққа деген құрметтің белгісі.