Жемістер мен көкөністердің ағзаға пайдалы дәрумен екені бесенеден белгілі. Ал ерте сатылымға шығып жатқан көкөністерді бүгінде халық тұтынып отыр. Алайда бұл көкөністердің пайдасынан гөрі ағзаға зиян екенін біліп жүргеніңіз абзал немесе оларды таңдау кезінде бірнеше әдісті ескере жүріңіз. Көктемгі сатылымдағы көздің жауын алатын түсі қанық, әдемі жемістер нитраттармен толтырылған. Нитраттарды әрдайым, жүйелі түрде қабылдау тітіркенгіштіктің пайда болуына, дамуына жағдай жасайды және қалқанша безі мен асқазан-ішек жолының жұмысын бұзады. Нитраттар сыртқа шығарылмай, ағзада шоғырланып, жинала береді. Нитраттан да гөрі қауіптірек зат нитраттан түзілетін нитрит. Нитрит көкөністер мен жемістерді дұрыс сақтамағанда, жоғары температурада өңдегенде, сонымен қатар түрлі микроорганизмдер белсенділігінің әсерінен асқорыту жолында түзіледі. Бұл заттектің ағзада көп мөлшерде шоғырлануы асқазан ісігіне, қышқыл жетіспеушілігіне алып келуі мүмкін. Сонымен қатар жүректің, орталық жүйке жүйесінің жұмысын бұзады. Көктемгі жемістер іштің өтуіне себепші бола алады. Себебі, олардың құрамында жасұнық мөлшері көп, көмірсу аз болады. Осының салдарынан ішектің шырышты қабықшасы тітіркенгіштікке ұшырайды. Әдетте мезгілінен ерте сатылымға шыққан жемістер мен көкөністердің сыртқы түрі көз тартады, түсі біркелкі, қанық болады. Алайда оның дәмін татқанда соншалықты сүйсіне қоймайсыз. Иісі де мұрын жара алмайды. Бір сөзбен айтқанда жаздағы, күздегі жеміс-жидектермен салыстыруға келмейді. Дегенмен, көктемде жемістер мен көкөністерді тұтынудан бас тартуға да болмайды. Тек қажетті жеміс пен көкөністі сақтықпен таңдау қажет. Сақтық үшін аталған өнімдерді сенімді сауда орындарынан ғана алу керек. Себебі, ондағы барлық азық-түлік тексеруден өтеді деген ұйғарым бар. Азық-түліктер тексерілсе, ондағы нитраттың көлемі де бақылауда болады деген сөз. Егер қандай да бір күмәніңіз болса, тиісті сертификат беруші әкімшілікке шағымдануыңызға болады. Ал, көтерме сауда орындарына бас сұқпағаныңыз жөн. Көкөністерді дұрыс таңдай біліңіз Сыртқы реңі тым қанық жемісті алмаған дұрыс. Бұл жеміс химикаттармен байытылған. Ал көкөністердің құрамындағы нитратты сырттай анықтау қиындау. Балғын аскөктер де тез бұзылады. Сол себепті зиянды көкөністердің қатарында. Ол бұзылған соң құрамында ауру тудыратын бактериялар пайда болады. Сондықтан аскөк аларда құрғақ және кішкене болса да бұзылмағанын таңдаңыз. Қияр сыртынан ұстап байқағанда жұмсақ болып сезілуі тиіс. Ал, қызанақтың жақында ғана жиналғандығын түбіртегінің жасылдығынан байқауға болады. Балғын көкөністерден әзірленген салатқа лимон шырынын себелеген дұрыс. Себебі, лимон қышқылы асқазанда нитробактериялардың көбеюіне тосқауыл қояды. Цитрусты жемістер көктемде де өзінің құнды қасиеттерін жоймайды және құрамында зиянды заттар түзілмейді. Цитрустардың ішінде апельсин мен мандаринді шырын түрінде су араластырып тұтынған жөн. Тек ашқарынға ішпеген дұрыс. Себебі, бұл жемістердің қышқылдығы жоғары болады. Дұрыс мұздатылған және кептірілген жеміс-жидектер көктемде балғын түрлеріне балама болуға жарайды. Ал консервіленген шырындар мен компоттар балғын жемістің орнын баса алады деп айта алмаймыз.