Көктем. Тереземе қандай перде тұтсам екен?

Үйді терезесіз елестету қиын болса, терезені де пердесіз елестету сондай. Әйнектің арғы жағынан күліп тұрған күннің бөлмеңізге дұрыс түсуі үшін перденің атқарар рөлі зор. Біз бүгін сіздермен бірге көктемге арналған сәнді перделерді таңдаймыз.

Классикалық түзу перделер

Классикалық түзу перделерді дәстүр жалғастырушы перделер деп атауға болады. Өйткені мұндай перде ешқашан да сәннен шыққан емес. Мұндай перденің түрлері кез келген бөлмеге ерекше әдемілік береді. Олар күн көзінің бөлмеге қатты түсуінен қорғайды. Сонымен қатар ішкі көріністі сырттан жасырын ұстайды. 

Барокко стиліндегі перделер


Сіз жатын бөлмеңізді, не қонақ бөлмені ерекше түспен сәндегіңіз келсе, есік пен терезеге барокко стиліндегі перделерді тұтып қойыңыз. Мұндай перделердің көбіне қанық қызыл түсті, қанық қоңыр қызыл түсті болғаны дұрыс. Осы түс сіздің ашық түсті бөлмеңізге жарасады. Перденің етек жағын сәнді баумен байлап қойсаңыз да болады. Хан сарайына ғана лайық мұндай сәнді перделі үйде тұрып жатқаныңыз үшін өзіңізді ханшайымдай сезініңіз.

Рим пердесі

Рим перделері керек кезде жинап, қайта түсіріп қоюға ыңғайлы. Бұл көктем үшін таптырмас дүние. Пердені бөлменің түсіне қарай таңдаңыз. Егер бөлмеңіз ашық түсті болса, қызыл пердеден бас тартпаңыз. Жиһаздардың түсі де қызыл, не жасыл түсті болса, тіпті тамаша.

Ағылшын пердесі

Мұндай перделер қарапайымдылыққа ие. Оны де керек кезінде жинап-түсіруге әбден болады. Бірақ оның римдік пердеден айырмашылығы жоқ емес. Ағылшын пердесі таяқшасыз-ақ жиналады. Бүкпелері бар пердені жіп арқылы жинап қоюға болады.

Итальян пердесі


Мұндай перделер шетке бүріліп тұруымен сәнді. Итальян пердесінің қоңырлау түсті болғаны дұрыс. Жатын бөлмеңізге де, қонақ бөлмеге де тұтып қойсаңыз, артық емес.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: chaoslend.ru