Қоғамдық көлікте егде адамға, мүгедектерге және жүкті әйелдерге орын беру керегін білеміз. Соның ішінде, болашақ ананың жағдайына тоқталсақ, олардың жүкті екенін біле тұра орын бермейтіндер де, білмей қалатындар да бар екені рас. Мұндай ыңғайсыз жағдай орын алмас үшін басқа елдер қандай шаралар қолданады?
Жапония
Жапонияда көшеде немесе пойызда кетіп бара жатып, әйелдер сөмкесінен сәбиі бар әйелдің суреті бейнеленген жүрек пішінді салпыншақты кездестіруіңіз мүмкін. Ол – айналадағы адамдарға әйелдің жүкті екенін хабарлайтын "ана белгісі". Бұл белгіні 2006 жылы жүкті әйелдер денсаулығын қолдау бағдарламасының аясында Денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамтамасыз ету министрлігі енгізген.
Жүктіліктің бастапқы айлары, әдетте, ең ауыр кезең болып келеді. Қандай да бір себептермен жүкті әйел кез келген жерде өзін нашар сезінуі әбден мүмкін. Мысалы, қоғамдық көлікте іші әлі көріне қоймаған әйелдің жүкті екенін басқалар білмеуі мүмкін. Кейде әйелдер өзінің жүкті екенін айтып, орын сұрауға ұялатыны да бар. Сол үшін Жапониядағы Денсаулық сақтау министрлігі адамдарды "ана белгісін" көрген әйелдерге қоғамдық көлікте орын беруге, олардың жандарында темекі тартпауға немесе басқа да көмек көрсетуге шақырады. Әрине, "ана белгісі" адамдарды бұл әрекеттерді орындауға міндеттемейді. Жапонияда дәстүр бойынша таныс емес адамнан өтініш немесе көмек сұрауға болмайды. Сондықтан бұл белгі жүкті әйелдердің басқалардан үнсіз көмек сұрауына мүмкіндік береді.
Жүкті әйел муниципалдық басқармаларға тіркелуге барғанда оған "ана белгісі" бейнеленген түрлі салпыншақтар мен жапсырмалар береді. Сондай-ақ, мейрамханаларда және сауда орталықтарында бұл белгі және оның маңыздылығы жайлы ақпарат таратылады.
Оңтүстік Корея
Бұл елде әйелдің жүкті екенін білдіретін салпыншақпен ғана шектеліп қоймаған. Бұл жақтағы метрода вагонға жүкті әйел кіргенін білдіретін жанғыш белгі бар. Жүкті әйелдерге алқызыл чип беріледі. Мұндай чипі бар әйел вагонға кірген кезде bluetooth арқылы сүйеніштегі алқызыл шамдар жанады. Сол арқылы жолаушыларға орын беруге белгі береді. Әрине, бұл белгі де адамдарды орын беруге міндеттемейді. Бірақ бұл әйелдің жүкті екенін білмедім немесе байқамадым деп айтатын адамдарға жақсы мүмкіндік: енді олар ыңғайсыз жағдайға қалмайды. Жүкті әйел отырмайынша сүйеніштегі алқызыл шам сөнбейді.
Италия
Италияда белгілері де, асфальты да алқызыл түспен боялған көлік қоятын орындар бар. Ол жүкті әйелдерге немесе жас аналарға арналған. Италияда мұндай көлік орындарына рұқсатты жүктіліктің кез келген күнінде дәрігерден анықтама алу арқылы береді. Ол 9 айға жарамды. Ал оны қай кезде қолдануды әйелдің өзі шешеді: оны бала туғанға дейін немесе бала дүниеге келгеннен кейін пайдалана алады. Бастысы, алқызыл талонды үнемі өзіңізбен бірге алып жүруіңіз керек.
Франция
Бұл елде отбасылық жәрдемақы төлеу бойынша қор жүкті әйелге арнайы рұқсат қағазын береді. Ол арқылы жүкті әйел қоғамдық орындарда кезексіз қызмет алуға және қоғамдық көлікте отыруға құқығы бар. Бұл қағазды айналадағы адамдарға көрсетсеңіз болғаны.