Кофе біз ойлағандай сергітіп қана қоймайды, оның тұрмыста атқаратын қызметі бар. Мәселен, тауық етін қуырғанда қоссаңыз, қарапайым дәмдеуіштер секілді ерекше дәм берді. Тоңазытқышты да жағымсыз иістен залалсыздандырады. Олай болса, тағы қандай қасиеті бар екен?
Кофе – бақшада
Зиянкестерді қуады
Кофенің қышқылдығы мен ащы иісі өсімдіктерді зиянкестерден қорғайды. Егер кофені цитрусты жемістің қабығымен бірге өсімдіктің жанына салып қойса, мысықтар мен кеміргіштерді «қуады» екен.
Жауынқұрттарын еліктіреді
Кофе паразиттерді аластап қана қоймайды. Сонымен қатар топырақты құнарландыратын жауынқұрттарын еліктіретін қасиеті бар екен.
Таптырмас тыңайтқыш
Кофенің қоюын тыңайтқыш ретінде де қолдануға болады. Ол топырақты азот, фосфор, калий, магний сынды элементтермен байытады. Топыраққа тыңайтқыш ретінде кофенің қоюын қолдансаңыз, шалғам, сәбіз секілді көкөністер үлкен болып өседі. Сонымен қатар кофе гүлдердің түсін өзгерте алады.
Қонақ бөлмеде
Саф ауа
Бөлмеге жаңа дем беру үшін ауа сергіткіштерге жүгінудің қажеті жоқ. Бар болғаны бір шыны ыдысқа кофе түйіршектерін салып, терезені ашып қойыңыз. Сәлден соң, бөлмеден кофенің балғын иісін байқайсыз.
Жиһаздың сызатын кетіреді
Егер ағаштан жасалған жиһазға сызат түссе, тағы да кофенің көмегіне жүгінсеңіз болады. Ұнтақталған кофенің үстіне ыстық су құйып, қоюлығы ботқа тәрізді болғанға дейін араластырыңыз. Содан соң, жиһаздың сызат түскен жеріне жаймен жағыңыз. Артығын құрғақ шүберекпен сүртіп қойыңыз. Әрине, сызат түгелдей кетуі екіталай. Бірақ, орнын көрсетпей тұратыны сөзсіз.