- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Киімдегі вирусты қалай...
Киімдегі вирусты қалай жоямыз?
Коронавирус түрлі заттардың үстінде бірнеше күнге дейін сақталады. Соңғы мәліметтер бойынша, COVID-19 матаның үстінде 2 күн өмір сүруі мүмкін. Киім арқылы үйге жұқпа әкелу қаупі төмен болса да, пандемия кезінде адамдар өзін және отбасысын барынша қауіпсіздікте ұстағысы келеді.
Ғалымдардың пікірі бойынша, коронавирус жұмсақ әрі кеуекті жазықтықтың бетіне қарағанда тегіс әрі қатты заттардың үстінде ұзақ өмір сүреді. Басқаша айтқанда, матаға қарағанда есік тұтқасынан вирус жұқтырып алу мүмкіндігі жоғары.
«Егер тоттанбайтын болаттан жасалған затты ұстасаңыз, алақаныңызда барлық вирустің 70%-ы қалып қояды. Ал мата жағдайында вирустің тек 1%-ын жұқтырып аласыз», - деп хабарлады Аризон университетінің профессоры Чарльз Герба.
Оның айтуынша, вирус кеуекті жазықтықтың ішінде тұрып қалады да, оны ол жерден «алу» мүмкін емес. Сондықтан мамандар пандемия кезінде киімдерді арнайы санитарлық өңдеу қажет емес деп санайды. Алайда егер ауырып қалған адамға күтім жасап жүрген болсаңыз немесе өзіңіз қауіпті топқа жатсаңыз, қосымша шаралар артық етпейді.
Сырт киімді даладан үйге кірген кезде кіреберіске тастаңыз. Аяқ киімді сабын ерітіндісімен немесе залалсыздандыратын құрал қосылған сумен тазалаған жөн. Негізі пандемия кезінде үйден сырт киімдерді қоятын бөлек бір орын дайындап қойған дұрыс.
Ал қоғамдық орындарда киген күнделікті киімдеріңізді (шалбар, белдемше және т.б) бірден кір жуатын машинаға салу керек. Ал су температурасына келгенде ғалымдардың ойы әлі де бір жерден шыққан жоқ: мамандардың бірі киімді 60°C температурада 1 сағаттан аз емес уақыт немесе 80°C температурада жарты сағаттан аз емес уақыт жуу керек десе, басқалары 40°C температурада 1 сағат жуғанның өзі жеткілікті деп санайды.
Егер ауырып қалған адамды күтіп жүрсеңіз, оның үй киімін құрамында хлоры бар құралмен 90°C температурада аз дегенде 30 минут жуу керек. Сондай-ақ қосымша киімді үтіктеу ұсынылады.
Көп реттік мата маскаларды 70°C-тан жоғары температурада 5 минуттан кем емес уақыт жуу керек. Оларды қайталап қолданардың алдында жақсылап кептіру қажет.
Кір жуардың алдында қолыңызды жақсылап жуып, резеңке қолғап киіңіз. Кір жуып болған соң қайтадан қолыңызды сабынмен жуыңыз.
А. Жапатова