Киімдегі дақты кетіруде жиі жіберілетін 3 қате

Киімдегі дақты кетіруде жиі жіберілетін 3 қате

Кейде тиянақты үй ханшайымдарының өзі қателеседі. Киімдегі дақты кетіру кезінде ойламаған нәтиже шығуы мүмкін. Себебі кейде жақсы болсын деп жасаған әрекетіміз, керісінше, киімді бүлдіріп жібереді. Дақты кетіруде жиі жіберілетін қателіктерді ұсынамыз.

1-қателік. Мамық күрткені ыстық суға жуу

Көпшілік киімді ыстық суға дақ кетіргіш құрал құю арқылы жуса, ол жылдам кетеді деп ойлайды. Алайда бұл ереже мамық күрткелерге келмейтінін көбі біле бермейді. Егер күрткені ыстық суға және дақ кетіргіш құрал құю арқылы жусаңыз, оның ішіндегі мамығы бірнеше бөлікке бөлінгенін және күрткеде басқа да түсініксіз дақтар пайда болғанын көресіз. Себебі күрткенің ішіндегі мамық та жуылып, ыстық суға оның құрамындағы барлық май сыртына шығып кетеді. Ал мұндай дақты тек химиялық жолмен тазартатын арнайы жерлерге апарып қана кетіре аласыз.

Мамық күрткені қалай жуамыз?

2-қателік. Киімдегі қанды ыстық сумен жуу

Қаны бар киімді көрген бойда ол дақ ескі болсын, жаңа болсын, бірден суық суы бар легенге салып, бірнеше сағатқа қалдыру керек. Сол кезде дақтың өздігінен кете бастағанын байқайсыз, содан соң оны тағы да суық суда сабындап жуып алсаңыз, дақ толықтай кетеді. Ыстық суда қан мата талшықтарына терең сіңіп кетеді де, оны одан кейін кетіре алмайсыз.

3-қателік: Қара киімдерді "жылдам жуу" режиміне салу

Кейде бір киімді немесе қатты ластанбаған тек кішкене дағы бар киімді кір жуғыш машинадағы "жылдам жуу" режимін қосу арқылы жуып алуды жөн көреміз. Алайда ол үшін оған қара киімдерді қарапайым кір жуғыш ұнтақпен жууға болмайтынын бірі білсе, бірі біле бермейді. Мұндай жуудан соң қара киімдеріңізде аппақ дақтар пайда болады. Себебі "жылдам жуу" режимінде кір жуғыш ұнтақ еріп үлгермейді және киім толықтай шайылмайды. Соңғы кездері дүкендерден кір жуғыш сұйық құралдарды көп кездестіруге болады. Жылдам киім жууға сұйық құралдарды көбірек пайдаланып, ұнтақты 2-3 сағат жуылатын киімдерге немесе төсек-орын жабдығына пайдаланған жөн.