- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Кез келген интерьерді...
Кез келген интерьерді шығынсыз жаңартудың 5 әдісі
Үйге жыл сайын жөндеу жұмысын жасау кім кім үшін де оңайға соқпайды. Жиһаз ауыстыра беруге де шама келмеуі мүмкін. Алайда жаны қашан да әдемілікке құштар нәзік жандылар шаңырағын үнемі үйлесімділікке ұстағысы келеді. Бірнеше жыл бойы бір стильдегі үйде тұра беру үй иелерін де, қонаққа жиі келетін жақын-жуықты да жалықтырады. Сол себепті интерьерді көп шығынсыз-ақ жаңартудың бірнеше тәсілін ұсынып отырмыз.
Гүлдер мен өсімдіктер
Үйге балғын атмосфера сыйлаудың бірден бір тәсілі – гүлдер мен өзге де өсімдіктер алу. Оған көп қаржы қажет емес болса да, нәтиже көңіл тоярлықтай. Мысалы, ас үстелдің үстін бір құты пион әрлесе, қонақ бөлмеге үлкен ағаштектес өсімдік қойыңыз. Оларға әдемі кашполар таңдауды ұмытпаңыз.
Суреттер мен постерлер
Бөлменің стиліне сай бірнеше фотосурет шығарып, әдемі ағаш жақтауға салып қойыңыз. Жолдасыңыз екеуіңіз сүйіп көретін бірқатар фильмдердің постерлерін ілсеңіз де болады.
Жарық
Жарық көбейтудің әдісі көп. Мысалы еденге қоятын биік лампа мұндайда таптырмас дүние. Француз интерьері стиліндегі бірнеше кішкене айна да бөлме жарығын арттырады. Айна арқылы тіпті жарық бағытын қадағалауға да болады.
Текстиль
Интерьерді көп ақша жұмсамай жаңартудың тағы бір керемет тәсілі – перделерді ауыстыру. Олармен қоса, кілемшелер, диван үстіне жабатын мата, көрпе-көпшік қаптарын да ашық әдемі өрнекті текстильмен ауыстырыңыз.
Лайфхак: Жалпы, дастархан немесе перде алған кезде оны мезгіл сайын ауыстыруды алдын ала жоспарлап бірден 4 түрлі нұсқасына тапсырыс берсеңіз болады. Мысалы көктем мен жазға арнап гүл принтті, сары-жасыл түстісін алсаңыз, күз бен қысқа тұнық көк немесе ақ матадан таңдаңыз.
Жиһаз бояу
Жиһаздың түсін өзгерту үшін бар болғаны бір құты бояу алсаңыз да, нәтижесі жөндеу жұмысын жасағандай көрінеді. Үйіңізді іші бірден жаңарып шыға келеді. Мысалы ас үйдегі орындықтарды бояудың өзі жетіп жатыр.
А. Оралқызы