Кепкен өрік — балалар ботқасы мен жеміс пюрелеріне керемет толықтырма. Тамақтану мамандары балаға кепкен өріктен жасалған пюре мен шырынды 10-11 айынан бастап беру дұрыс екенін айтады. Сондай-ақ мұндай тамақты дәрігерлер жиі іші қататын балаларға беруді ұсынады.
Кепкен өріктің балаларға пайдасы:
- Қандағы гемоглобин мөлшерін арттырып, анемиямен күресуге көмектеседі;
- Ағзадан қалдықтардың, уытты қосылыстардың және ауыр металды тұздардың шығуын жылдамдатады;
- Асқазан-ішек жолы жұмысын жақсартады және іш қату кезінде көмектеседі;
- Көру мүшесін жақсартады және офтальмологиялық аурулардың алдын алады;
- Қан тамырлар қабырғасын қатайтады және жүрек-қан тамырлар жүйесі жұмысын жақсартады;
- Тұмау кезінде дене температурасын түсіруге көмектеседі және баланың тез жазылуына ықпал етеді;
- Ол бала ағзасы үшін күшті энергия көзі бола алады және дәрумен жетіспеушілігінің алдын алады.
Балаға кепкен өрік қосылған тамақ берер алдында ол балаға аллергия беру мүмкін екенін ескеру керек. Сондықтан оны бала рационына қосар алдында, дәрігермен ақылдасып, жасына қарай мөлшерін сақтаған жөн. Кепкен өрік балаға аллергия берсе, ол тек денеге шығатын бөртпе түрінде емес, сондай-ақ ішінің тесіп ауыруы немесе дәретінің өзгеруі арқылы білінуі мүмкін. Кепкен өрікті аздап балаға берсеңіз, ол ішектер микрофлорасына жағымды әсер етеді, асқорытуды қалыпқа келтіреді. Ал егер оның мөлшері көп болып кетсе, онда газ көп жиналуы, іші тесіп ауыруы және іші өтуі мүмкін.
Балаға кепкен өріктен жасалған компот пайдалы. Оны қантсыз дайындаған жөн. Ол үшін 15-15 г кепкен өрікке 1 стақан су құйып, отқа қойыңыз. Ол қайнаған бойда отты сөндіріп, бетін жауып, тұндырыңыз. Оны суыған соң балаға бере беруге болады.
Сондай-ақ балаларға кепкен өріктен жасалған пюре ұнайды. Пюре дайындау үшін кепкен өрікке аздап су құйып, қайнатыңыз. Содан соң оны үккіш немесе блендер арқылы езіп алыңыз.