Қазір әйел адамды әңгімеге тартып, сыр алыса қалсаңыз, бес келіншектің төртеуі шексіз жалғаса беретін үй тірлігінен қажығанын айтып, мұңын шағады. Ал үйдің тірлігі қанша уақыт арнасаң да бітпейтіні белгілі. Енді қайтпек керек? Анасы мен қызының болашақ келіні жайлы әңгімесін назарыңызға ұсынамыз. Оқып, ой түю өз еншіңізде.
Анасы: Тезірек келін алсам екен. Үйдің тірлігінің бәрін үйретіп, өзіне тапсырар едім.
Қызы: Таңнан кешке дейін жұмыс істеп, оқу оқитын қыз болса қайтесіз? Кешке шаршап келсе бір тамақ жасап, үйдің бетін жинап шығуға ғана мұршасы болады ғой.
Анасы: Жоқ, мен өзім сияқты шаруаға берілген, бірінші үйдің жұмысын жасайтын келін аламын. Келінім қыздарым сияқты ерке бола қоймас.
Қызы: Қазір ондай барған үйіме құл болып, роботша жұмыс істеймін деп келетін қыз жоқ. Оның да өзінің арманы, мақсаты болады. Әр адамға бір миссия беріледі ғой. Тәңірі ешкімді өмір бақи ыдыс жуып, бүкіл уақытын тек үй тірлігіне арнасын деп жаратқан жоқ. Айналасына қарап, өзін дамытатын, оқитын келін алсаңыз, керісінше, қуануыңыз керек. Қазірден өзіңізді іштей осылай дайындай беріңіз. Үйдің бүкіл шаруасын мойнына іліп қоямын десеңіз, өзіңізге жау етесіз. Үлгермей жатса көмектескеніңіз жөн. Ене болғаннан кейін үйдің бар тірлігінен біржола құтыламын деген ойдан арылу қажет. Келін де адам. Ол да шаршайды.
Анасы: Қойшы, кезінде өзіміз жұмыстан сілеміз қатып келсе де, үйдің шаруасын тындырмай ұйықтамаушы едік.
Қызы: Айтыңызшы, сол кезде бүкіл денсаулығыңызды, жүйке жүйеңізді құртып, неге өміріңізді үй тірлігіне ғана арнадыңыз? Себебі басқалар "Мына келіннен үлгі алыңдар!" деп өзгелерге мақтасын дедіңіз. Мақтағаннан не пайда таптыңыз? Қазір сол кезде риза болған адамдар ол қызметіңізді ұмытып та кетті. Ал сол кезде бір уақыт өзіңізге көңіл бөлсеңіз, бәрі басқаша болар ма еді?! Өткенге көз жүгіртіңізші. Сол потенциалыңызбен кітап жазып шығар ма едіңіз?! Өзіңіз армандаған радиоға жұмысқа орналасар ма едіңіз?! Осылай әулеттің ғана емес, бүкіл елдің алғысын, мақтауын еститін мүмкіндік туар еді. Армандарыңыз басқалардың жолында құрбан болды. Қазіргі қыздар өзін жоғары бағалайды. Болашақ келіндер ешкімнің мақтауына зәру емес. Бұрынғы замандағыдай мені сырттан біреу кеп бағаласын деп босқа шапқыламайды. Үйінде мақтауға тойып өскен.
Анасы: Шынында әке-шешеміз бізді мақтау дегенді білмейтін. Күнделікті үйреншікті тірлігімізді жасап жүре бердік, келін боп түскенде де солай жалғастырдық.
Қызы: Сондықтан үйдің шаруасының бәрі келіннің мойнында деген ескі түсініктен арылу керек. Әркім өзінен кейін тазалап жүрсе, бәріне де оңайырақ болады. Үйдегі барлық адам келген келінге үлгермей жатқан шаруасына көмектесуі тиіс. Бір үйде тұрып жатқан соң шаруа бәріне ортақ. Келініңізге көңіліңіз толмаған кезде бізді, қыздарыңызды, еске алыңыз. Қыздарыңыз да үлгергенінше барын салып істейді, үлгеремесе басқалардан көмек сұрайды. Демек келініңіз де олай өмір сүруіне болады.
Сізге үнемі шаршап жүретін, ештеңеге көңілі толмайтын, ашуын балаларынан алатын жүйкесі жұқарған келін керек пе әлде өзінің айналысатын сүйікті ісі, алға қойған нақты мақсаты бар, оқып-үйренген сайын энергиясы тасып, үнемі күліп жүретін өміріне риза келін керек пе?..
P.S.: Бәріміз кеше/бүгін келінбіз, ертең біреуге енеміз! Әр рөлге өзіңізді қойып көріңіз.
Балаға да, келінге де меншігім деп қарауды тоқтатқан кезде дамыған қоғамға айналамыз. Олар да ересек адам. Дәл сіз сияқты таңдауы, құқығы бар. Әркім менің дегенім болсын дейді. Аққу, шортан, шаян болмай, барлығы "ортаға қарай тартқан кезде" береке де, бірлік те, байлық та болады.