Қазақ дәстүрінде ырым мен салттың тәрбиелік маңызы зор. Сүйінші сұрау, түйе мұрындық сұрау, жолдық сұрау деген секілді салттарды біреу білсе, біреу білмейді. Бұларды кейде «сұрау салттары» деп те атайды. Енді сол сұрау салттарының бірнешеуіне тоқталып көрелік.
***
Сүйінші – бұл әлдекімнің басына келген жақсылық пен қуанышты іске сүйіну, сол жақсылық иесін қуанту мағынасында жұмсалады. Жақсылық иесі осындай қуанышты жаршылап, екі өкпесін қолына ала «сүйіншілеп» келген адамға қашан да «қалағаныңды ал» деп, қолында барды аямай, сүйіншісін атап отырған. Ал бақуатты адамдар кейде ат-атан мінгізіп жіберетін кездері де бар. Ал қол қысқалығына қарай бір тал түйме де шүйінші орнына жарай беретін болған. Алайда «сүйінші» заттық дүниені меңзегеннен туындаған салт емес, қайта рухани көңіл-күйдің салты деп қабылдаған дұрыс.
***
Түйе мұрындық – Қазақ салтында қалыптасқан бір кәде «түйе мұрындық» деп аталады. Қызы ұзатылып көшіп келе жатқан көш көрші ауылдың тұсынан өткенде, көрші ауылдың әйелдері, көш алдынан арқан керіп тосады да, алдыңғы түйенің бұйдасынан, мұрындығынан мықтап ұстап алады, оны жүргізбей «түйе мұрындық» деген атпен кәде сұрайды. Көш бастап келе жатқан кексе әйел оған жол өтеп, көйлек беріп құтылады. Оны қазақ кәдесінде «түйе мұрындық» деп атайды.
***
Базарлық – өзінің аты да айтып тұрғандай, базарға шыққан адамның не үлкен қалаларды аралап, басқа елдерде болған кісінің сый- құрметіне лайықты алынады. Балалар тәттіге, ойыншық, елең еткізетін заттарға әуес, ал қыздардың көзі жүзікке, моншаққа әшекей заттарға түскіш. Базарлық әкелетін жол-жоба білетін игі жақсылар мұны қалт жібермесе керек.
***
Сарқыт – той-жиындарға сыйлы ортаға барған әке-шеше, аға-жеңге үйге қайтуда, несібемен оралуды ойлайды. Мол дастарханнан кәде, сарқыт алады. Тіпті қариялар бас табақтан да келін-кепіштерге сарқыт қалдырып жатады. Ал, жастарымыздың үлкендерге сарқыт әкелдім деп айтуы әбестік болады. Тойдан үлкендерге әкелінген тағам болса оны «сіздерге тойдан ауыз тисін» деп яки болмаса «немерелеріңізге тойдан сарқыт әкелдім, сіз де ауыз тиіңіз» деп сыпайы ұсынады. Бұл да үлкен ізеттіліктің көрінісі.
***
Сыбаға – сыйлы қариялар жасы үлкен ел ағалары жер шалғайынан, яки денсаулығына байланысты не басқа себептермен өзін сыйлайтын үйге көп уақыт келе алмауы мүмкін. Ондай жағдайға туыс-туғаны не сыйластары сойылған соғымнан сүбелі мүшелерін салып сыбаға жібереді. Бұл құрметтің, сыйластықтың белгісі.
***
Бүйрек – соғым сойғанда үлкенге сыбаға жіберу, соғым басына шақыру ежелгі жақсы дәстүрлердің бірі. Сонымен бірге, мұндай кездерде жас балалар да ұмытылмайды. Жақын, таныс, көрші адамдар соғым сойғаннан кейін бір-бірінің балаларына әдейі арнап «бүйрек» жібереді. Яғни балаларға лайықтап жүрек, бүйрек араластырып шағын сыбаға жолдайды. Бұл да балалардың көңіл, мерейін өсіретін, ағайын, туыстықты жақындататын халық тәрбиесінің бір түрі. Бүйректің сыбағадан жолы да, мөлшері де төмен.
***
Көрімдік – жаңа туған нәрестені сондай-ақ жаңа түскен келінді алғаш көрген мезетінде берілетін сый. Ұзатылатын қыздың жасауына күйеу жағынан келген құдалардың тартуы түрінде берілетін сыйды да көрімдік дей береміз. Ондайда да сый тартқан адам өздерінің ұялып қалмау жағын да, жол-жорадан жығылмауын да ойластырады.
***
Байғазы – жасы кіші адамның көбінесе балдырғандар мен жас балалардың үлкендерден, ағалары мен апаларынан алатын сыйлығы. Жаңа киім киген сәтінде не болмаса көңіл қуанатын заттарға ие болған жағдайда еркелетіп келіп, «апа, жеңеше, көке байғазы бер» деп жүріп сұрап алады. Ондайда өзі де қуанады, өзгені де қуантады. Қолма-қол сый ұсына алмаған жағдайда үлкендер «байғазым мойнымда» деп ізгі тілек айтып, қуаныш білдіріп жатады.
***
Тәбәрік – елдің ақылгөй жақсылы-жаманды көрген, ұзақ жасаған, қадірлі ата, әже болған кісілердің өзінен кейінгілерге берер жоралғысы. Ол ақша, зат, мал не киім түрінде болуы да мүмкін. Бұл ниетте, әлбетте, жастардың үлкендерге жақсы адамдарға еліктеуі де көрініс табады.
***
Жолдық – мұны әдетте жеңгелері жаңа үйленген қайындарынан сұрайды. Оның жөні былай, алғашқы неке түні жігіт пен жас келінді жеке бөлмеге кіргізіп, төсек салып, алаңсыз, жайлы жатуына жадай жасайтын әйел адам әдетте жігіттің жеңгесі болады. Ол жастарға бақыт тілеумен қатар, әзіл-қалжыңын араластыра жүріп жас жұбайларға ерлі-зайыптылық өмірдің әдет-ғұрпын түсіндіреді. Ал таңертең қайнысына «жолымды бер» деп әзілдейді. Жөн білетін қайны мұндайда жеңешесі риза болатындай етіп жолдығын береді.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: minber.kz