Қазақстандық өнерпаздар балаларына қандай есімдер қояды?

2013 жылдың мәліметтеріне сүйенсек, жаңа туылған сәбилерге көбіне Алихан, Айзере, Ерасыл, Інжу, Нұрасыл, Айару есімдері қойылған екен. 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында біз жақында ата-ана атанған қазақстандық өнерпаздар балаларына қандай есімдер бергенін анықтап көрдік.

2013 жылы 14 жылдық үзілістен кейін екінші рет әке атанған Сәкен Майғазиев қызына Раяна деген есім қойды. Раян - «жұмаққа кіретін қақпа» деген мағына береді. Раяна есімін Сәкен Майғазиевтың анасы да қолдап, осылай атауды жөн көріпті.

Сонымен қатар, 2012 жылы төртінші рет ана атанған Индира Расылхан да діни тұрғыда мағынасы терең Раяна есімін қызына қойған екен.

Тұңғышын АҚШ-та босанып, ағылшын тіліне бейімдеп, қызын Риана деп атағанымен, әнші Лидо Rihana есімін қазақшалап Райхан деп те атауға болатынын жеткізді. Ал 2012 жылы туылған екінші ұлына арабшадан аударғанда «рақымшыл» деген мағына беретін Рахман есімін таңдаған екен.

«Жігіттер» тобының әншісі Бағлан Әбдірайымов тұңғыш қызының есімін Айқаракөз деп өзі қойған. Бұл есімнің «Жігіттер» тобының орындауындағы «Айқаракөз» әнімен байланысы да бар екен. Мұны әнші өзі былай түсіндіреді: «Ертең қызым өсіп, бой жеткен кезде: «Атың неге Айқаракөз?» деп сұрағандарға: «Әкем Айқаракөз деген әнді орындаған» деп айтып жүреді. Ал, ол уақытқа дейін бұл ән ескіргеннен кейін, бұл әнді міндетті түрде тыңдайды. Айналасындағыларға тыңдатады, мақтан тұтады...»

Айқын Төлепберген тұңғышына Аңсар деген нағыз қазақы есімді берген екен. Қазақтар көбіне сағына, зарыға күткен баласына Аңсар деген есім беріп жатады.

Әнші, актриса, «Арнау» дуэтының мүшесі Салтанат Бақаева тұңғыш ұлы дүниеге келгенде бір аптадай есім таңдай алмапты. Көптеген ұсынылған есімдердің ішінен лайықты есімінен қайсын таңдарын білмей, көп ойланыпты. Соңында сәбидің атасы Әмір деп қойған екен. Әмір – араб тілінен аударғанда – «ханзада» деген мағынаны береді.

Қарақат Әбілдинаның төртінші баласын дүниеге әкелгеніне көп бола қойған жоқ. Бекболат, Нұрәлі, Иманәлі деген ұлдарынан кейін әнші Айсұлтан есімді батырды дүниеге әкелді. Кенжелерінің есімін үш ағасының таңдауымен қойған екен.

Әнші Бейбіт Қорған бір ұл, бір қызды тәрбиелеп отыр. Тұңғыш ұлы Бексұлтанның есімін әншінің әкесі қойған. Ал қызын балдай тәтті, қылықты әрі зиялы болсын деп Балзия атапты. Сонымен қатар отбасында бәрінің есімдері «Б» әрпінен басталатындықтан осы дәстүрді бұзбағанды жөн көрген.

Үш қыздан кейін дүниеге келген ұлын Тұрсынбек Қабатов Нұриман деген ерекше есіммен атаған екен. Жалпы соңғы кездері сәбилерге «Нұр», «Иман», «Ислам» сөздерін қамтыған есімдер жиі қойылып жүргенін байқауға болады.

Былтыр ана атанған актриса Қарлығаш Мұхамеджанова тұңғыш қызына Ажар деген қарапайым есімді беріпті. Қарапайым болғанымен, «ажарлы, көрікті, келбетті» деген әдемі мағына беретін есімнің иегері де анасы сияқты көрікті қыз болады деп сенеміз.

Тауасар, Айзере, Хантөре сынды ерекше есімдерге актер Берік Айтжановтың балалары ие. Кенже баласының атын актер әкесі Төреханның есімін түрлендіріп қойған екен.

Ал жақында ғана екінші рет ана атанған Динара Сатжан қызын Даяна деп атаған. Тұңғыш ұлының есімі – Даниал. Бұл есім араб тілінен «Құдайдың сыйы» деп аударылады екен.

Соңғы кездері сәбилерге қойылып жүрген есімдер жайлы әңгімелесе отырайық...

Сурет: kinomuz.ucoz.net, spletnik.ru, instagram.com

Дайындаған: Анар Мұстафина