1955 жылы 13 мамырда америкалық басылымдардың бірегейі - «Housekeeping Monthly» газетінде «Жақсы әйелдің міндеті» деген атпен мақала жарияланады. Мұнда сол кездегі америкалық келіншектің істеу керек деген міндеттері санамалап жазылған екен.
Бізді таңғалдырғаны, қазақ халқының қанында баяғыда-ақ қалыптасқан кейбір заңдылықтар Америкада тек ХХ ғасырдың ортасында ғана жарияланғандығы. Сол кездегі америкалық әйелге қойылған мына талаптармен таныса отырып, «Бізге бұл жаңалық емес. Біздің нағыз қазақ әйелі осындай ғой?!» деуіңіз мүмкін. Олай болса, мақаланы оқып шығып, өз ойыңызды айта отырыңыз, оқырман!
1. Кешкі дәмді ас әрдайым дайын болуы керек.
«Қыстың қамын жазда ойла» демекші, кешкі асқа ертерек қамданғаныңыз жөн. Жұбайыңыз келгенде тіл үйірер түрлі-түрлі тағамдардың дайын болуы үшін бір күн бұрын әзірленсеңіз де артық болмайды. Бұл әрекетіңіз сіздің қосағыңыз туралы не ойлайтыңызды көрсетеді. Жігіттер жағы көбінесе ашығып жүреді, ал сіз дайындаған "балдай", әсіресе ол сүйіп жейтін тағамдар болса, бұл сіздің жылы қабағыңыздың көрінісі.
2. Дайындалыңыз
Жарыңыз келгенде әдемі болып тұру үшін, ол келмес бұрын 15 минут тынығып алыңыз. Өңіңізді ретке келтіріңіз. Ол жұрт қаумалаған ортадан шаршап келе жатырғанын есіңізде ұстаңыз. Ол күні бойы шаршағанын сіздің сұлулығыңызды көре сала ұмытып кетуі керек.
3. Көңілді болыңыз!
Ауыр жұмыс күнін басынан кешірген жұбайыңызға «шабыт» керек. Оны қанаттандыру – сіздің тікелей міндеттеріңіздің бірі.
4. Шашылып жатқан жерлерді жинаңыз.
Күйеуіңіз үйге оралар алдында, үйді тағы бір ретке келтіріп шыққаныңыз жөн. Жуылған киімдер, асүй құралдары, көзге оғаш көрінетін заттардың бәрі жинақы тұрғаны дұрыс.
5. Мектеп кітаптарын, балалардың ойыншықтарын, артық қағаздарды, т.б. жинап, үстелге таза дастарханыңызды жайыңыз.
6) Қыстың суық күндері пеш жағып, үйді жылы ұстаңыз.
Жарыңыз жұмыстан тоңып-жаурап келгенде, үйдің жылылығы мен сіздің жайдары жүзіңіз үндесіп тұрғаны жөн. Оның үстіне, таза әрі жинақы, жылы жерде отбасы болып бас қосып, кешкі ас ішсеңіздер, жарыңыздың сізге ризалығын білдірері сөзсіз.
7. Балаларды дайындаңыз.
Олардың (егер кішкентай болса) беті-қолын жуып, шашын тарап, таза киім кигізіңіз. Себебі, балалар – кішкентай періштелер. Күйеуіңіз оларды көргенде, сіздің тек оған емес, бәріне үлгеретініңізді байқайды. Жұбайыңыз шулы жұмыстан шаршап келгенін ескеріп, ол келгенде үйдегі кір жуғыш машина, шаңсорғыштардың қосылмауын қадағалаңыз. Балаларға тыныштық сақтауын да ескертіп қойыңыз.
8. Жұбайыңызды көргенде бақытқа бөленіңіз.
Ала таңнан қара кешке дейін жұмыста жүрген жарыңызды күні бойы көрмедіңіз. Оны күнде сағынып, жыл көрмегендей көріссеңіз артық болмайды.
9. Оны күлімсіреп қарсы алып, оған ләззат сыйлау үшін шын ниетіңізбен барыңызды салыңыз.
10. Оны тыңдаңыз.
Ол келгенде, бөліскіңіз келіп, ішіңізге сыймай тұрған қыруар әңгіменің болуы заңды. Бірақ, жарыңыздың жұмыстан келген кезі – бұл әңгімелердің айтылар уақыты емес. Бірінші оны тыңдаңыз, ол сөйлесін. Есіңізде болсын, ол көтерген тақырыптар сіздікінен әлдеқайда маңызды.
11. Кеш түгелімен күйеуіңізге тиесілі.
Сізсіз бір жерлерге барып көңіл көтерсе немесе тағы басқа себептермен үйге кеш келсе де наразылық білдірмеңіз. Ер-азаматыңыздың үнемі жұмысбасты әрі қысыммен жүреді, ол үйге келгенде демалып, тынығуы керек. Сондықтан, сұрақтарды оқша боратып мазасын алмай, тыным беріңіз.
12. Сіздің мақсатыңыз – үйді жарыңыздың тәні мен жаны қатар тынығатын тыныштық мекеніне айналдыру.
13. Қосағыңызды ашуланып, қабақ шытып қарсы алмаңыз.
14. Ол үйге кеш келіп немесе мүлде қонбай қалса да, оған наразылық тудырмаңыз. Себебі, оның күні бойы басынан кешкенінің жанында бұл түкке тұрмайды.
15. Жарыңызға жайлы өмір сыйлаңыз! Ыңғайлы орындыққа жайғастырып, жуынатын ыстық суын дайындап қойыңыз. Шөл қандыратын сусындарды алдын ала әзірлеңіз.
16. Киімдерін, аяқ киім шешкізіңіз. Онымен әдемі жағымды дауыспен сөйлесіңіз.
17. Серігіңіздің әрбір қадамына жауап беруін талап етпеңіз және оның сізге деген сезіміне күмән келтіріп, сенімсіздік танытпаңыз.
18. Жақсы әйел қашанда өз орнын біледі.
Иә, қазақ аруы әлем әйелдерінің – эталоны. Өйткені, атам қазақ салт-дәстүрімен, менталитетімен әр қызының бойына әйелдің ерге деген сый-құрметті, көрегендік пен инабаттылықты, ибалықты сіңдіре білген. Ананың ақылымен, әкенің батасымен өскен әр бойжеткен ертең бір текті шаңырақтың түтінін түтетіп, дүниеге алып адам әкелетін адал жар атанады. Қазақылығымызбен дараланып жүргеніміз – осындай ұлттық тәрбие мен ұлттық педагогиканың жемісі.