Балаға есім таңдау үлкен жауапкершілікті керек етеді. Өйткені, азан шақырып қойған ат баланың тағдырына, болашағы мен өмір жолына әсер етеді деген наным-сенім бар. Сол себепті қазақта балаға ат таңдауда оның шығу тарихына, мағынасына аса мән берген. Бүгін қаңтар айында көп қойылған есімдер топтамасы мен олардың мағынасын ұсынатын боламыз.
Ер балалар арасында
1. Алихан (248)
Алихан немесе Әлихан араб тілінен енген есім. Ол "ғали" және хан сөздерінің бірігуінен туған ат. Ғали – "әлидің" синонимі. Мағынасы биік, аса, зор, заңғар деген мағына береді.
2. Бейбарыс (166)
Бейбарыс немесе байбарыс есімдері түрікмен, татар, қазақ, қырғыз тілдеріне ортақ ескі есім. Атау барыстың барысы, нағыз барыс, алып барыс, ең мықты барыс деген ұғымды білдіреді.
3. Алдияр 136
Алдияр араб-иран тілінен енген есім. Мағынасы — Алланың досы; тақсыр, ұлы мәртебелі.
4. Айсұлтан 125
Есім "ай" мен "сұлтан" сөздерінен тұрады. Сәби айдай болсын, өз ортасында сұлтандай қадірлі болсын деген ниетпен қойылады. Сұлтан араб тілінен "билеуші, әкім" деген мағынаны білдіреді.
5. Омар (119)
Араб тілінен аударғанда "өмірге құштарлық", "адамның ғұмыры" және "өмір" деген мағыналарды білдіреді. Негізгі түбірі – ғұмыр, өмір. Бұл жағынан "өмірі ұзақ, өміршең, ғұмырлы" деген мағыналарды білдіреді.
6. Алан (110)
Қазақ халқында жолбарыстың күшігін алан деп айтады. Сәби қайратты, жолбарыс жүректі болсын ниетпен осы есімді қойған.
7. Амир (108)
Амир немесе Әмір араб тілінен аударғанда "билеуші", "әкім" деген мағына береді. Бұл есімді көбіне Әмір Темірдің құрметіне берген.
8. Али (103)
Али немесе Әли сөзі араб тілінен аударғанда "биік, заңғар, аса, зор" деген мағынаны білдіреді.
9. Нұрислам (99)
Араб тілінде нұр "жарық", "сәуле" дегенді білдіреді. "Ислам" дініміз болғандықтан, Алланың нұры жаусын деген ниетпен қойған.
10. Алинұр (91)
Әлинұр не Алинұр атауы да араб тілінен енген "нұр" және "әли" сөздерінен тұрады. Мағынасы — үлкен жарық, сәуле дегенді білдіреді.
Қыз балалар арасында
1. Медина (304)
Медина есімінің мағынасы (Мәдина) — "қала", Мадинат ән-Нәбий ("Пайғамбар қаласы") деген тіркестен алынған. Бұл мұсылмандардың қасиетті қаласы болып саналады.
2. Айлин (277)
Айлин есімінің мағынасы — "Ай нұры" деген мағына береді. Негізінен, бұл есім түрік қыздарына жиі қойылады.
3. Асылым (263)
Асылым, асыл есімінің мағынасы — "текті, бекзат".
4. Айша (257)
Айша есімінің мағынасы — араб тілінен алынған гайшә, көне еврей тілінен айше — ұзақ әмір сүруші, өмірге құмар, құштар. Есімнің түрлері — Ғайша, Қайша.
5. Томирис (225)
Томирис есімі түркі тілінен алынған. Мағынасы — "Темірді қирату", "Темірді майыстыру". Темірдей мықты, қайратты және қайсар болсын деп қойған.
6. Аяла (190)
Аяла есімінің мағынасы — мәпелеп өсіру, әлпештеу.
7. Раяна (185)
Раяна есімінің мағынасы — араб тілінен аударғанда, біріншіден тың, толық, қанық, мол, шырынды, тегіс, түзу деген мағынаны білліреді. Екінші мағынасы — дамыған, жетілген, кемелденген. Енді бір басқа мағынасы – жұмаққа кіретін қақпа.
8. Айзере (171)
Айзере есімінің мағынасы - қазақ тілінен алынған "ай" және "зере", иран тілінен "зер" — аудамасы "алтын" деген сөздерден құралған. Алтынай есімінің синонимі.
9. Айым (157)
Айым есімінің мағынасы – менің бақытым, ырысым, айдай сұлуым деген мәнде қойылған есім.
10. Амина (153)
Амина немесе Әмина араб тілінен енген. Бастапқы мағынасы — адал, сенімді болса, екінші мағынасы — зиянсыз, сәтті, игілікті.