- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Қамшының қанша түрін...
Қамшының қанша түрін білесіз?
Қамшы – қазақ халқының байырғы кездегі шаруашылық, мәдени өмірінде аса кең тараған, «көлікті айдап жүргізу үшін қолданылатын, таспадан әртүрлі нұсқада түйіп, тобылғы немесе басқа затқа саптап жасаған ежелгі ат айдауыш құралдардың бірі. Назарларыңызға қамшы түрлерін ұсынамыз.
Нағыз қамшы әбден иленген сиыр терісінен 3 таспадан 40 таспаға дейін өріледі. Таспа неғұрлым көбейген сайын жіңішкере береді, әрі ажарлана, күрделене түседі. Бір қызығы, дәл осы өрімге байланысты қамшының бірнеше түрі, яғни бірнеше атауы бар. Мәселен, ат қамшы, дыр қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, ұзын қамшы, шолақ қамшы, сары ала қамшы, білеу қамшы, орама санды қамшы, мүйіз сапты қамшы, тобылғы санды қамшы, шашақты қамшы, бала қамшы, құрау қамшы, шыбыртқы қамшы. Бұл халық арасында көптен қолданып жүрген бала кезден естіген қамшының түрлері. Шеберлер бұл бұйымның басына күміс, жез, тері секілді мойнақ салады.
Сарыала қамшы – жез бен мыс араластырып дайындалған қамшы түрі. Қамшының бұл түрін көбіне ер адамдар ұстайды. Сарыала қамшының сарыбас қамшы, жез қамшы деген атаулары әшекейлеген бөлігіне байланысты аталған. Мысалы, жезбен алқымы мен сабының түбi оралғанын "жезмойнақ қамшы", бауырдағын әшекейлегенін "жез бауырлақ" қамшы деп бөліп айтады.
Әшекейлі ақ қамшы – сабы ақ күмістен сәнделіп жасалған қамшының түрі. Оны көбіне әйелдер ұстаған. Қамшының мұндай түрлерін алтын-күміс пластинкамен бунақтау, сәндеу, асыл тастан көз орнату, құйма, күміс шеге, шытыралар шауып сәндеу, сылдырмақ, шашақ қадау, өрмесіне шашақ, түйін салу сияқты жолдармен әшекейлейді. Оның "босмойын", "ақ қамшы" деген түрі болады.
Атбас алтын қамшы – сабы да өрімі де алтынмен апталып, күміспен күптеліп жасалған, сабына березе тәрізді асыл тас орнатылған, атбасын бейнеленген қамшының ерекше түрі. Алтынды қамшының бұл тәрізді түрлерін әлеуметтік мәртебесі аса жоғары хан, сұлтан, ел құраған билер мен бектер, сонымен қатар ел ішіндегі аса қадірлі тұлғалар ұстаған деуге болады.
Шашақты қамшы – қосымша әшекей ретінде әр бөлігінде тарамыстан жасалған айдаршалары бар қамшы.
Дырау қамшы (дойыр) – суық қару ретінде қолданылатын қамшының түрі. Оның дойыр, дырау, босмойын деген түрлері бар. Өрімі жуан, жұмыр, кейде төрт қырлы болып келген дойыр қамшыны өрімнің арасына қайыстан, қорғасыннан жұмырлай ширатылған өзек салып, сыртын таспамен тоқи өреді, түйініне тас, қорғасын бекітеді. Таспа саны өрімшінің шеберлігіне қарай 24-тен асып кетеді.
Дереккөз: namys.kz
О. Сансызбай