"Халық айтса қалт айтпайды" деген халық мақалын, біраз жұрт "Қадыр айтса қалт айтпайды" дейтін болыпты. Төменде Қадыр Мырза-Әлінің әйелдер және махаббат туралы астарлы, түйін сөздерін ұсынып отырмыз.
Әйел – бір кісілік қана махаббат қайығы. Еркек сөзімен, әйел көзімен арбайды. Махаббат деген жаныңда жатқан жарыңды сағыну. Әйелдің жанына ауру батпайды, кәрілік батады. Үйленгенше ол алыс, үйленген соң сен алыс, Махаббатқа демалыс. Ару еркекке періште көзімен қараса, кейбір еркектер аруға шайтанның көзімен қарайды. Өкінішке орай қораз ұша білмейді, білсе тауық та бірге ұшып кетер еді. Әйелдің көңілі орнына түспей дүние түзелмейді. Кез келген махаббатта жеңістің иесі – ару. Махаббат сылдыры естілмейтін кісен. Модадан қалу – кейбір әйелдер үшін жұртта қалу. Еркектің атып құлата алмағанын әйел жатып құлатады. Әйелдің күлгенінен күлімсірегені әдемі. Өзіңе сүйкімдіні сүй, сүйкімсізді дәмелендірме. Қыздың күлгені көп нәрсені білдіреді. Тағамның асылы – қара нан, адамның асылы – кәрі анаң. Үйлену жұмаққа апармайды, бірақ тозаққа бара жатқан жолыңнан бұрып әкетеді. Күйеуін тек жесірлер ғана мақтайды. «Әдемісің, ақылдысың» дегенге сенбейтін әйел жоқ. Ұлдар ойланып болғанша, қыздар сезініп қояды. Еркектің сұлу дегені – сылқым дегені, сұлудың болмайды дегені – мүмкін дегені. Әйелдің сұлуы жақсы, сүйкімдісі жақсырақ. Баянсыз қызық түзде, баянды қызық үйде. Шын ғашықтар күндіз бір-бірін сүйетіндерін, түнде ерлі-зайыпты екендіктерін ұмытпайды. Отбасы күнде баратын жерің емес, оралатын жерің. Махаббат қосады, жауапкершілік желімдейді. Еркек әйелдің күзетшісі емес, бағбаны. Әйелім бар не істеймін деме, әйелім жоқ болса не істер едім де. Ерлердің көбі еркек бола алмай жүргенде, кейбір әйелдер еркек болғысы келеді. Еркек ұйымдастыратын, әйел қюластыратын. Әйелдің өз әліппесі бар, оны кез келген еркек оқи алмайды. Алсаң да мейлі қай елден, бақыт та сор да әйелден. Еркекке серілік, әйелге еркелік жарасады. Бақыттың үлкені – сүйгенге шығу.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: luxfon.com