- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Қадыр ақынның әйел...
Қадыр ақынның әйел мен махаббат жайлы айтқандары
"Халық айтса қалт айтпайды" деген халық мақалын, біраз жұрт "Қадыр айтса қалт айтпайды" дейтін болыпты. Төменде Қадыр Мырза-Әлінің әйелдер және махаббат туралы астарлы, түйін сөздерін ұсынып отырмыз.
- Әйел – бір кісілік қана махаббат қайығы.
- Еркек сөзімен, әйел көзімен арбайды.
- Махаббат деген жаныңда жатқан жарыңды сағыну.
- Әйелдің жанына ауру батпайды, кәрілік батады.
- Үйленгенше ол алыс, үйленген соң сен алыс, Махаббатқа демалыс.
- Ару еркекке періште көзімен қараса, кейбір еркектер аруға шайтанның көзімен қарайды.
- Өкінішке орай қораз ұша білмейді, білсе тауық та бірге ұшып кетер еді.
- Әйелдің көңілі орнына түспей дүние түзелмейді.
- Кез келген махаббатта жеңістің иесі – ару.
- Махаббат сылдыры естілмейтін кісен.
- Модадан қалу – кейбір әйелдер үшін жұртта қалу.
- Еркектің атып құлата алмағанын әйел жатып құлатады.
- Әйелдің күлгенінен күлімсірегені әдемі.
- Өзіңе сүйкімдіні сүй, сүйкімсізді дәмелендірме.
- Қыздың күлгені көп нәрсені білдіреді.
- Тағамның асылы – қара нан, адамның асылы – кәрі анаң.
- Үйлену жұмаққа апармайды, бірақ тозаққа бара жатқан жолыңнан бұрып әкетеді.
- Күйеуін тек жесірлер ғана мақтайды.
- «Әдемісің, ақылдысың» дегенге сенбейтін әйел жоқ.
- Ұлдар ойланып болғанша, қыздар сезініп қояды.
- Еркектің сұлу дегені – сылқым дегені, сұлудың болмайды дегені – мүмкін дегені.
- Әйелдің сұлуы жақсы, сүйкімдісі жақсырақ.
- Баянсыз қызық түзде, баянды қызық үйде.
- Шын ғашықтар күндіз бір-бірін сүйетіндерін, түнде ерлі-зайыпты екендіктерін ұмытпайды.
- Отбасы күнде баратын жерің емес, оралатын жерің.
- Махаббат қосады, жауапкершілік желімдейді.
- Еркек әйелдің күзетшісі емес, бағбаны.
- Әйелім бар не істеймін деме, әйелім жоқ болса не істер едім де.
- Ерлердің көбі еркек бола алмай жүргенде, кейбір әйелдер еркек болғысы келеді.
- Еркек ұйымдастыратын, әйел қюластыратын.
- Әйелдің өз әліппесі бар, оны кез келген еркек оқи алмайды.
- Алсаң да мейлі қай елден, бақыт та сор да әйелден.
- Еркекке серілік, әйелге еркелік жарасады.
- Бақыттың үлкені – сүйгенге шығу.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: luxfon.com
Қ. Қауымбек