Кез келген ата-ана сәбиінің алғашқы қадамына куә болуға асығады. Педиатрлардың айтуынша, бала өміріндегі бұл процес әркімде әрқалай дамиды. Нәресте туғаннан ширақ болса, алғашқы қадамын ерте бастауы мүмкін. Ал кейбірі 10 айлығында жүруге ұмтылады. Назарларыңызға жүріс арбасының (ходунки) пайдалы және зиянды тұстары жайында ақпарат ұсынамыз.
Ата-аналарға айтарымыз, бала алғашқы қадамын жасарда физиологиялық және эмоционалдық дайындықтан өтуі керек. Асықтырудың да, тежеудің де қажеті жоқ. Ортопед мамандар ата-аналарға балаға жүруге қарағанда еңбектеуді үйретуге кеңес береді. Сәби қадам жасауға ептілік танытқан сәтте оны итарбаға, яғни ходунокке отырғызуға асығып жатамыз. Дәрігерлер оны қолдануға келгенде екіұшты пікір білдіреді. Алайда бұл мәселеде ата-ана соңғы шешімді өзі қабылдайды. Дегенмен көңілге қонымды, әрі тәжірибеде кездесіп жүрген кеңестерді назарларыңызға ұсынамыз.
Мамандар пікіріне сүйеніп, жүріс арбасының балаға тигізетін кері әсерін тізбелесек:
• Бала табанын дұрыс қоя алмайды;
• Ұзақ уақыт қолдану, аяқтарының қисаюына әкеледі;
• Омыртқа сүйектері дұрыс қалыптаспайды;
• Өз бетінше жүруге ынтасы оянбайды;
• Итарбада өзін қауіпсіз сезінген баланың қорғау, сақтану түйсігінің дамуы тежеледі;
• Еркін қозғалысты шектейді.
Ата-анаға тигізер пайдасы аз уақыт болса да, баланы жүріс арбасына салып қойып, үй шаруасымен айналысуға уақыт табады, тынығып алады. Сәбиі арбада отырса оның қауіпсіз екеніне сенімді жүреді. Бала да әр бөлмені аралап, айналасындағы заттармен еркін танысады. Жүру дағдыларын үйренеді. Бұл жағын да жоққа шығара алмаймыз. Алайда егер бала аяғының ұшымен жүріп әдеттенсе, ол жүріс арбасының әсері деп бей-жай қарауға да болмайды. Өзге де себеп болуы мүмкін. Сондықтан дер кезінде маман кеңесіне жүгінген жөн.
Дереккөз: anabol.kz