Жұмсақ ойыншықтарды қалай күтеміз?

Жұмсақ ойыншықтардың әртүрлілігі соншалықты, оған тек балалар ғана емес, ересектер де қатты қызығады. Бәзбіреулер жұмсақ ойыншықтарды сән үшін ұстаса, бәзбіреулер оны қойнына алып жатады. Кейбіреулер жұмсақ ойыншықтарды жинауды ұнатады. Алайда, олар да ерекше күтімді қажет етеді.

Шаңсорғыш

Жұмсақ ойыншықтарды кәдімгі шаңсорғышпен тазартып алуға болады. Сондай-ақ, жұмсақ ойыншықтарды ылғалды сүлгімен сүртуге болады. Содан кейін оны кептіріп алу қажет.

Қолмен жуу

Жұмсақ ойыншықтарды арнайы щетка немесе губкамен жуған абзал. Ойыншықтардың бөлшектерін (көздері, мұрыны) жуған кезде абай болу керек. Себебі, желімделген бөлшектер түсіп қалу мүмкін. Сабынсу немесе ағартқыш ұнтақты сумен араластырып, жұмсақ ойыншықтарды щеткамен ысқылап жуыңыз. Кейін батареяда немесе күн астында кептіріңіз.

Кіржуғыш машинада жуу

Егер де жұмсақ ойыншық затбелгісінде кіржуңыш машинаның суреті болса ғана оны машинада жууға болады. Балалар ұнтағын салып, 30°С температурада жуу қажет. Шайған кезде арнайы кондиционерді қолданыңыз. Кіржуғыш машинаға салынған жұмсақ ойыншықтар өз пішінін жоғалтып алуы мүмкін. Сондықтан да оны жуып болған соң, пішінін қайтару үшін дұрыстап кептіру керек.

Құрғақ тазалау

Кәдімгі ас содасын, пластикалық пакет және жұмсақ щетканы алып, кішкентай жұмсақ ойыншықтарды тазалауға болады. Пластикалық пакетке жұмсақ ойыншықты салып, ас содасын салыңыз. Пакет аузын түйіп, бірнеше минут сілкіп-сілкіп қойыңыз. Ас содасы ойыншықтағы шаң-тозаңды шығарады. Кейін ойыншықтарды шығарып, щеткамен тазартыңыз.

Химиялық жолмен тазарту

Егер де жұмсақ ойыншықтар қатты кірленсе, оны химиялық жолмен тазалау керек. Тұрмыстық жағдайда құрамында химиялық ерітінділер бар арнайы тазартқыш құралдарды пайдаланған жөн. Үлкен көлемді жұмсақ ойыншықтарды химиялық тазалау орталығының қызметі арқылы тазартқан дұрыс.

Мұзбен тазарту

Жұмсақ ойыншықтар шаң-тозаңды тез жинайды. Есесіне, шаңмен бірге оған бүрге, кене т.с.с. жәндіктер жақын келеді. Олардан құтылу үшін пластикалық пакет ішіне кішкентай көлемді ойыншықтарды салып, бір күн мұздатқышқа қойып қойыңыз. Кейін шығарып, күнге кептіріңіз. Қыстыгүні жұмсақ ойыншықтарды қармен тазалауға болады.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: uyutnyj-dom.ru, detivislame.ru