- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Жұлдыздардың жұбайы жайлы...
Жұлдыздардың жұбайы жайлы жан сыры
Біз Ғашықтар күні мерекесіне орай бірқатар танымал отандық және Голливуд жұлдыздарының телеарналар мен журналдарға берген сұхбаттарынан сүйген жары туралы айтқан сөздерін іріктеп алып ұсынып отырмыз.
1. Тоқтар Серіков жұбайы Бейбіт Сейдуалиева туралы:
«Ер адам бар арманын жайып салатын болса, оның ойындағы әйелдің табыла қоюы қиын болатын шығар. Бірақ алғаны оның арманына «болмаса да, ұқсап бақса», ол оның бағының жанғаны. Әйелдің тұрмысты ұйымдастыруы, бала тауып, оны тәрбиелеуі сынды өзге де дүниелер оның негізгі міндеті емес, бұл — жай ғана процесс. Оның негізгі міндеті — жылылық. Оның жанарындағы, жүрегіндегі, ішкі дүниесіндегі жылылық. Ол жылу азайған сайын ер адам суып, ол жоғалған кезде солады. Сол отты сөндіріп алмас үшін ер адамның өзі атсалысуы керек. Оның қас-қабағындағы қуанышты да, қайғыны да байқауымыз керек.
Менің жұбайымның маған деген сезімі мен көзқарасында мін жоқ. Оның әр баламыздың қызық-мінезін «Айнымаған сен» дейтінінің өзі, күйеуін өлердей сүйетінінің белгісі. Жасыратыны жоқ, жұртқа жайып сала бермейтін сырларымды да жұбайыма айтамын».
2. Сәкен Майғазиев жұбайы Динара Майғазиева туралы:
«Шыны керек, мен романтик емеспін. Жұбайына сүйетіні туралы жар сала беретін ер адамдарды да аса ұға бермеймін. Әйел сүйген жарының махаббатын оған деген қамқорлығынан сезуі тиіс. Жарыма ризашылығымды отау құрымыздың 20 жылдығына орай тосын сый жасап, «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім» әнін арнау арқылы білдірдім. Оның бар қасиеті мен мендік сезім сол өлең жолдарынан байқалады».
3. Дэвид Бекхэм жұбайы Виктория Бекхэм туралы:
«Мен Spice girls тобындағы Виктория Адамсты теледидардағы бейнебаяннан көріп, бірден ғашық болғаным сонша «Осы қыз менің әйелім болады» деп іздестіре бастадым. Сол алғашқы кездесуден бері жұбымыз ажырамай келе жатқанына міне 20 жылдан асты. Қаншама қиындықтан бірге өтіп, бүгінде 3 ұл мен 1 қыздың қылығына тоймай, әлі қол ұстасып жүрміз.
Кіршіксіз сезімнен бөлек, біз бір-біріміздің іскерлік мансабымыздағы маңызды шаралардың бірін қалдырмай, үнемі қолдау көрсетеміз. Балаларымызды да соған дағдылап, аса ұйымшыл әрі бауырмал болуға тәрбиелеп келеміз».
4. Уилл Смит жұбайы Джада Пинкетт туралы:
«Осыдан 20 жыл бұрын Сан-Францискодағы Алтын көпірде (Golden Gate) қарсы алған таңымызды әлі күнге ерекше сезіммен еске аламын. Ол біздің алғашқы кездесуіміз болатын, бірақ біз сол сәттен-ақ болашаққа жоспар құра бастадық. Жұбымызды жазбай келе жатқанымыздың ең басты құпиясы — біздің бір-бірімізге дос бола білуіміз. Қазір балаларымыздың да ең жақын сырласы — өзіміз».
5. Кэш Уоррен жұбайы Джессика Альба туралы:
«Біздің сезіміміздің риясыз екеніне ешкім сенбеді. Аз уақытта екеуі екі жаққа кетеді деп ойлады. Бірақ біздің қол ұстасып жүргенімізге 16 жыл, ал отау құрғанымызға қазір 12 жылдың жүзі болды. 2 қыз бен 1 ұл тәрбиелеп отырмыз.
Менің жұбайым жыл өткен сайын сұлулана түсетіндей. Таңда оянған кезде, оның әдемілігіне тәнті боламын. Оның үстіне, миллион шаруаны тез арада тындыра салатын қасиетінің өзі бір төбе. Жалпы, біздің осы күнге дейін жарасымды өмір сүруіміз махаббаттан бөлек, бір-бірімізге деген сыйластықтан деп білем. Біз тыңдай аламыз, өзіндік ерекшеліктерімізді қабылдау өнерін де бірге игердік”.
А. Оралқызы