Жүктілік болашақ ананың барлық ағзасын өзгертетін құбылыс. Аздап қиындықтардың да кездесетіні бар. Мәселен, болашақ ананың денесіне дақтар түсіп қана қоймай, дене жарылып, құрғап, құрсақ тұсындағы тері ыдырайды. Сондықтан да жүктілікті анықтаған күннен бастап дене терісіне ерекше күтім жасаған дұрыс. Ең әуелі жылы суға көп түсіп, құрғақ теріге арналған кремдерді күнделікті жағып жүрген жөн. Сонымен қатар тері ыдырауының алдын алатын май жағып, массаж жасау қажет. Себебі іштегі бала өскен сайын дене терісі созылып, қыши бастайды. Бұл кезде денені мүлде қышуға болмайды. Мұның салдары бала дүниеге келген соң терінің қалыпқа түсуі қиындап, тері ыдырап, қара іздер қалып қоюына алып келеді. Сол себепті дене қыши бастағаннан бастап денеге арналған кез келген кремді жағып, тырнақ тигізбей массажды қимылмен сипалау керек. Жүктілік қиыншылықтарының тағы бірі аяқ мәселесі. Себебі бұл кезең біреуде өте жеңіл өтсе, екіншісінде керісінше қиынға соғады. Себебі баланың бірден өсіп, суы көбейіп кетуінен, бүйрек пен қуық жұмысының нашарлауы мен қан айналымның дұрыс еместігінен анаға үлкен зиян келеді. Дәл осы кезде дене ісіп, тамырлар кеңейіп, іздері шығып жатады. Ал бұл жағдайлардың алдын алу үшін ең бастысы дұрыс демалып, уақытылы тамақтанып, жылы киініп, сусындарды мөлшерден тыс асырмай ішкен жөн. Сонымен қатар дәрігерге уақытылы тексеріліп, бүйрек пен қуықты емдетіп, аурудың алдын алу керек. Аяқтың тамырлары кеңейіп кетпес үшін моншаға түсіп, қан айналымды жақсартуға болады. Монша тек қан айналымды ғана жақсартпай, тыныс алу жолдары мен бұлшықет жұмысын арттырып, жүйке жүйесіне оң әсерін тигізіп, иммунды жүйені күшейтіп, баланың дүниеге келуін жеңілдетеді. Сонымен қатар босанған кезде жатырдан қан кетуді болдырмайды. Тағы бір ескеретін жайт, күні бойы жүріп аяқ шаршаса, демалдырып, кешкісін жатқан кезде астына биік зат қойып жатқан жөн. Ана мен бала денсаулығы үшін аяқ киімді табаны биік емес, ыңғайлысын таңдаған дұрыс.