Әрбір әйел жүктілікті әрқалай өткізеді. Бұл кезеңде ең біріншіден, белсенді өмір сүру керек. Таза ауада көп серуендеп, аквааэробика немесе гимнастикамен айналысу барлық жүкті әйелдер үшін өте қажет. Сонымен қатар суда жүзу мен йога да көп көмегін тигізеді. Мұның барлығы бүгінгі қоғамға сай дүние болғанымен, мұндай кезеңде әйел адам өзін көп нәрседен тия да білу керек. Ендеше жүкті әйелдерге айтылар ырым-тыйымдарымен таныс бола отырыңыздар.
• Аяғы ауыр әйел шашына қайғы тигізбейді, қасын термейді. Егер олай жасаса, іште жатқан шаранаға зиян келуі мүмкін. Іште дамып келе жатқан баланың өмірі де сол шаш пен қас секілді қысқа болмасын деген ұғым бар.
• Жүкті әйел ұршық иірмейді. Олай жасайтын болса, іштегі баланың кіндігі мойнына оралып қалады дейді.
• Бұрынғылар екіқабат әйел тігіс тіксе, баланың өмірі қысқа болады деп ырымдаған.
• Бала күтіп жүрген әйел түйме қадамайды. Себебі әйелдің толғағы ауыр болып, босануы қиын болады деп сенген.
• Жүкті әйел үлкен кісінің алдын кесіп өтпейді. Жүкті әйел үлкен кісінің жолын кесіп өтсе, өз жолы кесіледі деп сенген.
• Аяғы ауыр әйелге екі кештің ортасында монша мен су жанына баруға және кірдің суын төгуге болмайды. Өйткені халқымыз баланы періште санаған. Ішінде періште бар әйелге пері үйір болады деген сенім бар. Сондықтан моншаға күн ауғанша түсіп алған дұрыс.
• Жаңа туған сәбиді көпшіліктің көзіне көрсете бермейді. Себебі балаға бөтен адамның көзі тиіп, сұғы қадалуы мүмкін.
• Дүниеге келгеніне 4-5 күн болғанда баланың кіндігі түседі. Жасы үлкен аналарымыз қыз баланың кіндігін отбасы, ошақ қасынан ұзамасын деген ниетпен үйдің табалдырығына көмген. Ал ұл баланың кіндігін үйкүшік болып үйде қамалып отырмасын деп ұзаққа лақтыратын болған.
• Баланы бесіктен тек оң жағынан шешіп алу керек. Ол баланың жолы оң болсын деген ниеттен туған ырым.