- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Жолдасыңның туыстарымен тіл...
Жолдасыңның туыстарымен тіл табысу
Қыз бала тұрмыс құрып, жаңа үйдің табалдырығын аттағаннан кейін оның туыстары бұрынғыдан да көбейе түседі. Яғни жолдасының ата-анасы, өзінің ата-анасына, күйеуінің аға-жеңгесі, апа-жездесі, құда-жегжаты, көрші-көлемі өзінің де жақынына айналады. Бүгінгі әңгіме қазір көпшілігі «қайын жұртым» деп атап жүрген «жұртқа» арналады.
Біріншіден, қазақ халқында қыз баланы «жат жұрттық» деп төрге шығарып, «сен бұл үйге қонақсың, ертең өз үйіңе кетесің» деп тәрбиелейді. Күйеудің өз жұртын «қайын жұртым» десеңіз, ал туған отбасыңыз сізді «жат жұрттық» десе, сонда сіздің «өз жұртыңыз» кім болғаны?
Халық аузында «адамның үш жұрты», «қыздың үш жұрты» деген сөз жоқ, «жігіттің үш жұрты бар» дейміз. Сіздің төркініңіз күйеуіңізге «қайын жұрт» болады. Сондықтан «қайын жұрт» деген сөздің қыз балаға ешқандай қатысы жоқ екенін, сіздің қайын жұртыңыз болмайтынын ескере жүріңіз.
Ал енді осы күйеуіңіз арқылы сізге туыс болып кететін адамдармен қалай тіл табысуға болады? Сол туралы да айта кетейік.
Ененің тілін табу
Қазақ отбасында ененің, яғни күйеуіңізді өмірге әкелген асыл жанның орны тым бөлек. Сол себепті басты назарды осы кісіге аудару қажет. Енелерге өзін өктем сезінген ұнайды, сіз үшін ол кісі қандай құрметке ие екенін үнемі көрсетіп отырыңыз. Мысалы әр істе алдымен сол екінші анаңыздан кеңес сұраңыз. Өз рецебіңіз бар болса да, кей тағамдарды ол кісі қалай әзірлейтінін сұрап алыңыз. Оның келін боп түскен шағындағы естеліктерін айтып беруін өтініңіз. Ас үйге перде, дастарқан таңдауда да, балаңызға киім аларда да бір рет «алдынан өтіңіз», яғни қандай түрін таңдаған жөн деп кеңес сұраңыз. Оның айтқанын бұлжытпай орындау міндетті емес, алайда айтқан ақылына алғыс білдірсеңіз, соған да риза болып қалады.
Аз сөйлеңіз
Күйеуіңіздің туыстары бар жерде көп тыңдап, аз сөйлесеңіз сүйкімді боласыз. Сізге арнайы сұрақ қоймаса әрдайым өз ойыңызды қосып отыруға міндетті емессіз. Өзіңіз туралы да аз ақпарат берсеңіз, «үйдей бәледен құтыласыз». Себебі бір күні бұл ақпаратты өзіңізге қарсы қолданатындар табылады. Сонымен қатар күйеуіңізге де, басқаларға да ешқашан оның туыстарын жамандаушы болмаңыз. Біреумен ортақ тіл табыса алмай жатсаңыз, оның бабын қалай табуды күйеуіңізден не енеңізден сұраңыз.
Көмек сұрау
Жолдасыңыздың туысымен байланыс орнату үшін одан көмек сұрауға болады. Мысалы қайын бикеңіз тігіншілікпен айналысатын болса, одан көйлек тігіп беруін өтініңіз, осылай қарым-қатынасты нығайтуға болады. Алайда қайта-қайта сұраншақтанып, барғыштаудың да қажеті шамалы. Алтын орталықты ұмытпаңыз.
Құттықтаулар мен сыйлықтар
Күйеудің туыстарымен тығыз қарым-қатынас орнатуға бұл тәсіл де жақсы көмектеседі. Барлығының туған күндерін есте сақтап не жазып қойыңыз. Кезегі келгенде құттықтап, тілегіңізді білдіріп, әр мереке сайын хабарласып отырыңыз. Атаулы күндерде тіпті, себепсіз де сыйлықтар дайындауға болады. Мысалы енеңіз көптен алғысы кеп жүрген орамалын не көйлегін сатып алып беруге ешқандай мерекені күтпей-ақ кез келген күні сыйға тартыңыз. Шектен шығып, жағымпазданудың да керегі жоқ.
Қызығушылық білдіру
Туыстармен тіл табысудың тағы бір жолы оның әңгімесін қызығушылықпен тыңдап, өзіңіз де сұрақтар қойып отыру. Мұны әуесқойланып (любопытствовать) жеке өміріне араласумен шатастырмаңыз. Өмірлік көзқарасына, не үйренгісі келетініне, қандай жетістікке жеткеніне үңіліңіз. Өткен өмірінен қызықты әңгімелерін айтып берсін, сонда тек жақынырақ араласып қана қоймай, жаңа отбасыңыз туралы тың да қызықты деректерге қанығасыз.