Жиенқұйрық деген дәстүр барын білесіз бе?

Халқымыздың ұрпақтан - ұрпақтан жалғасып келе жатқан ғажайып салтының бірі – жиенқұрық. Қазақ қыздан туған баланы жиен дейді. Қыз баланы жат жұрттық деп есептегенмен, жиен жат болмасын деп, үнемі үйіне қонаққа шақырып, оны төбесіне хан көтеріп құрметтеген.

Ата дәстүрімізде жиен наға­шы­ларынан қалаған затын, яғни жиенқұрық алуға тиіс. Ерте­ректе жиен ес біліп, етек жап­қаннан оны нағашылары қамқорлығына алып, нағашы атасы оған үйірлі жылқы ішінен бір тай атайтын болған. Оны бәсіре тай немесе «жиенқұрық» дейді. Нағашысы жиеннің бе­тін қайтармай үш рет беруге міндетті. Халқымыз жиенді рен­жітпей «Жиен назасы жаман» деп еркелеткен. «Жиенді ұрғанның қолы қалтырайды» деген де сөз бар.

«Жиен назасы жаман» дегеннен шығады, біздің ауылда осыған байланысты бір оқиға болған. Мен онда 5-6 жастағы баламын, бірақ соның ауыл адамдары арасында біраз әңгіме болғаны есімде қалыпты. Екеуі де бізге туыс. Өмірхан деген жа­қын жиеніміз болды, cол кезде жасы жиырманың ішінде болу керек. Бөлімшеде бухгалтер болып істейтін. Оның нағашысы Амантайдың бәйгеге шауып жүрген Қар ал аяғына көзі түсіп, соны жиенқұрыққа сұрайды.

Бұл – аудан көлемінде ауызға ілігіп, бәйгенің алдын бермей жүрген тұлпар. Тұрқы да келісті, мүсіннен жаратылғандай еді. Қысқасы, «Менің атым болса ғой» деп әр қазақ армандайтын жануар. Бірақ ат иесі жиеніне оны қимай, жиенқұрыққа басқа жылқы ал дейді. Өмірхан оған көнгісі келмей, «жиенқұрыққа берсең осыны ғана алам деп» тұрып алады. Сол кезде Аман­тай аға ашуға мініп, «Ендеше саған жиенқұрық жоқ» деп шорт кеседі. «Қап, бәлем» деп, бір саусағын ішіне бүгіп, жие­ні кетеді. Бір күні ауылда «Амантайдың бәйге аты жоға­лыпты» деген хабар тарады. Артынан, ұрлықтың ізі жие­нінен шықты. Нағашысына өкпелеген Өмірхан бір күні ебін тауып, қорадан әлгі сәйгүлікті ұрлап әкетіп, үйіне апарып сойып тастайды. Ашуға бөккен Амантай аға ауданнан милиция шақырып, жиенін түрмеге қаматуға дейін барды. Нағашы мен жиен арасындағы осы дау әулеттің үлкен бір қариясының уәлі сөзімен тоқтап, ақыры, екеуі татуласты. Кейін Амантай аға мен Өмірхан ауылда есеп саласында бірге қызмет істеп, нағашылы - жиен болып, ойнап-күліп жүргенін талай көрдім.

Мен өзім де туған нағашым­нан бір емес, екі рет жиенқұрық алдым. Нағашым қолы ашық, жомарт адам. Бар болса, қолын­дағысын ешкімнен аямайды. Бірде Маңғыстаудан көрші кеңшарға 200 бас жылқы айдап келе жатып, біздің ауылдың үстінен өтті. Сонда маған «Тор­ғайдың жылқысынан тұқымы бөлек» деп бәсіреге бір құлын берді. Өзі де сүйкімді жануар еді. Мен оған «Көкшағыр» деп ат қойдым. Жабағысын да үйретіп, мініп жүрдім. Асаулығы жоқ, жүрісі де жайлы, ептеп, жорғасы да бар еді. Ауылда өткен тай жарыста үнемі бірінші келетін. Көрші Талқанбай әкем оны көрген сайын: «Бабын тапса, жүйрік болады» деп сүйсінетін. Бірақ оны үйдегілер мен қанша қарсылық көрсеткенмен, «ұрыға қолды болып кетер» деп құнан шығарында соғымға сойды. Ба­ла кезім ғой, көзімнің жасын бұ­лап, «Көкшағырымды» ойлап, бір апта ашқұрсақ жүргенім бар.

Біздің үйде де бұл салт жақ­сы сақталған. Ата-анам барлық жиенге бір-бір тай мінгізіп, нағашылық міндетін өтеген.

Қазір осы салтымыз қалалы жерде ұмыт бола бастаған секіл­ді. Өткен жолы бір танысым айтады, ұлым дүниеге келіп, нағашыларының үйіне алып бардым. Әйелімнің әкесі қайтыс болған, бірі елуге, екіншісі қы­рықты орталаған екі ағасы бар. «Жиеніңіз сіздерден жиен­құ­рық алуға келді десек, екеуі бір-біріне қарап, «ол не?» деп иықтарын қиқаңдатады» дейді. Қалада туып, орысша оқып, қазақ­тың салт-дәстүрінен бейхабар адамдар да бар екен деп таңырқап қалдым.  

Егемен Қазақстан