- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Жиенқұйрық деген дәстүр...
Жиенқұйрық деген дәстүр барын білесіз бе?
Халқымыздың ұрпақтан - ұрпақтан жалғасып келе жатқан ғажайып салтының бірі – жиенқұрық. Қазақ қыздан туған баланы жиен дейді. Қыз баланы жат жұрттық деп есептегенмен, жиен жат болмасын деп, үнемі үйіне қонаққа шақырып, оны төбесіне хан көтеріп құрметтеген.
Ата дәстүрімізде жиен нағашыларынан қалаған затын, яғни жиенқұрық алуға тиіс. Ертеректе жиен ес біліп, етек жапқаннан оны нағашылары қамқорлығына алып, нағашы атасы оған үйірлі жылқы ішінен бір тай атайтын болған. Оны бәсіре тай немесе «жиенқұрық» дейді. Нағашысы жиеннің бетін қайтармай үш рет беруге міндетті. Халқымыз жиенді ренжітпей «Жиен назасы жаман» деп еркелеткен. «Жиенді ұрғанның қолы қалтырайды» деген де сөз бар.
«Жиен назасы жаман» дегеннен шығады, біздің ауылда осыған байланысты бір оқиға болған. Мен онда 5-6 жастағы баламын, бірақ соның ауыл адамдары арасында біраз әңгіме болғаны есімде қалыпты. Екеуі де бізге туыс. Өмірхан деген жақын жиеніміз болды, cол кезде жасы жиырманың ішінде болу керек. Бөлімшеде бухгалтер болып істейтін. Оның нағашысы Амантайдың бәйгеге шауып жүрген Қар ал аяғына көзі түсіп, соны жиенқұрыққа сұрайды.
Бұл – аудан көлемінде ауызға ілігіп, бәйгенің алдын бермей жүрген тұлпар. Тұрқы да келісті, мүсіннен жаратылғандай еді. Қысқасы, «Менің атым болса ғой» деп әр қазақ армандайтын жануар. Бірақ ат иесі жиеніне оны қимай, жиенқұрыққа басқа жылқы ал дейді. Өмірхан оған көнгісі келмей, «жиенқұрыққа берсең осыны ғана алам деп» тұрып алады. Сол кезде Амантай аға ашуға мініп, «Ендеше саған жиенқұрық жоқ» деп шорт кеседі. «Қап, бәлем» деп, бір саусағын ішіне бүгіп, жиені кетеді. Бір күні ауылда «Амантайдың бәйге аты жоғалыпты» деген хабар тарады. Артынан, ұрлықтың ізі жиенінен шықты. Нағашысына өкпелеген Өмірхан бір күні ебін тауып, қорадан әлгі сәйгүлікті ұрлап әкетіп, үйіне апарып сойып тастайды. Ашуға бөккен Амантай аға ауданнан милиция шақырып, жиенін түрмеге қаматуға дейін барды. Нағашы мен жиен арасындағы осы дау әулеттің үлкен бір қариясының уәлі сөзімен тоқтап, ақыры, екеуі татуласты. Кейін Амантай аға мен Өмірхан ауылда есеп саласында бірге қызмет істеп, нағашылы - жиен болып, ойнап-күліп жүргенін талай көрдім.
Мен өзім де туған нағашымнан бір емес, екі рет жиенқұрық алдым. Нағашым қолы ашық, жомарт адам. Бар болса, қолындағысын ешкімнен аямайды. Бірде Маңғыстаудан көрші кеңшарға 200 бас жылқы айдап келе жатып, біздің ауылдың үстінен өтті. Сонда маған «Торғайдың жылқысынан тұқымы бөлек» деп бәсіреге бір құлын берді. Өзі де сүйкімді жануар еді. Мен оған «Көкшағыр» деп ат қойдым. Жабағысын да үйретіп, мініп жүрдім. Асаулығы жоқ, жүрісі де жайлы, ептеп, жорғасы да бар еді. Ауылда өткен тай жарыста үнемі бірінші келетін. Көрші Талқанбай әкем оны көрген сайын: «Бабын тапса, жүйрік болады» деп сүйсінетін. Бірақ оны үйдегілер мен қанша қарсылық көрсеткенмен, «ұрыға қолды болып кетер» деп құнан шығарында соғымға сойды. Бала кезім ғой, көзімнің жасын бұлап, «Көкшағырымды» ойлап, бір апта ашқұрсақ жүргенім бар.
Біздің үйде де бұл салт жақсы сақталған. Ата-анам барлық жиенге бір-бір тай мінгізіп, нағашылық міндетін өтеген.
Қазір осы салтымыз қалалы жерде ұмыт бола бастаған секілді. Өткен жолы бір танысым айтады, ұлым дүниеге келіп, нағашыларының үйіне алып бардым. Әйелімнің әкесі қайтыс болған, бірі елуге, екіншісі қырықты орталаған екі ағасы бар. «Жиеніңіз сіздерден жиенқұрық алуға келді десек, екеуі бір-біріне қарап, «ол не?» деп иықтарын қиқаңдатады» дейді. Қалада туып, орысша оқып, қазақтың салт-дәстүрінен бейхабар адамдар да бар екен деп таңырқап қалдым.
Егемен Қазақстан
Қ. Слямбек