- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Жігіттерге үтіктеуді үйрену...
Жігіттерге үтіктеуді үйрену бұйырған ба?
Жігіттердің өз өмірінде түрлі қиындықтарға тап болатыны анық. Дегенмен үтіктеу секілді машақаты көп жұмыстар олар үшін азаптың азабы. Әлбетте, мұндай жағдайда Массагетте өріп-өніп жүрген Алтынай, Меруерт, Жанай-Керім, Айжан, Динара секілді қыздарға қолқа салып, мәселені жымын шығармай шешіп жіберуге болар еді.
Дегенмен жігітке бұл білім артықтық етпейді. Сол себепті аталған кәсіптің кейбір сырларын ашып көрмек болып, Массагеттің қыздарын біраз түртпектедік. Сондағы біле алғанымыз мыналар:
- Температуралық режимді сақтау керек. Тым ыстық металл киімді күйдіріп жіберіп, пайдасыз шүберекке айналдыруы әбден ықтимал.
- Үтіктеуге арналған тақтайша қажет. Бұл құрал сөз болып отырған процесті барынша жеңілдете түседі.
- Бір қызығы, кір киімдерді үтіктеуге болмайтын болып шықты. Бұл киімде қосымша дақтардың пайда болуына себеп болады.
- Тым кеуіп кеткен киімдер үтіктеуге келмей қалады. Сондықтан үтіктегі булау функциясын пайдаланып отырған дұрыс. Сонда киімнің қыртыстары барынша жазыла түседі.
- Біз көп мән бере бермейтін тағы бір нәрсе мынау. Киімнің матасына қарай температуралық режимді де сақтап отыру керек. Неге десеңіздер, кейбір мата түрлері тым ыстық температураға шыдамай, күйіп кетуі мүмкін.
- Жемпір секілді тоқылған киімдерді ылғал мата арқылы үтіктеу керек. Яғни, үтік пен киімнің арасына сулы шүберек орналастырған дұрыс болады.
- Синтетика жоғарғы температураға шыдас бере алмайды.
Шамамен осылар. Тағы бір маңызды нәрсені ұмытып барады екенбіз. Ол матаның түрін ажырата білу өнері. Бірақ бұл тіптен бөлек әңгіме. Аталған тақырыпқа кейінгі жазбаларда Массагет қыздарының көмегімен оралуға тырысамыз.
Автор: Еркебұлан Қайрахан
сурет: hduploader.com