- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Жігітке айтылмайтын сөздер...
Жігітке айтылмайтын сөздер
Қыздар кейде аңдаусызда жігіттерінің көңіліне тиіп, ренжітіп алып жатады. Байқаусызда айтылған сөз басқаның жанды жерін тырнап жіберетінін ойламаса керек. Сөз сүйектен өтеді. Сол бір сөздің салдарынан жігіттің намысы қозып, көңіліне кірбің түсуі ықтимал.
Тіпті сол сөздің кесірінен қызынан көңілі қалып, басқаға кетіп қалуы да ғажап емес. Яғни, өзіне жақсы қарым-қатынас жасап, демеп отыратын қыздарға. Сондықтан жігіттерді ашуландырмаудың амал-әдістерін, негізгі қағидаларды назарда ұстайық. Оларға не нәрселерді айтуға болмайды?
– Оны көпшіліктің алдында оңаша атап жүрген есіммен атамаңыз. Себебі ол достарының алдында өзін сіздің тірегіңіз, қасыңыздағы асқар тауыңыз деп елестетеді. Сондықтан оны «кішкентайым» немесе «қонжығым» деп атаудан аулақ болыңыз. Бұл атаулар жігіттер арасында өте күлкілі. Жігіт психологиясы қыздың ой-өрісінен 4 жас кіші екенін ескерсек, бұл қалыпты жағдай.
– Оның қандай істі толық атқарамағаны жайында ескертудің қажеті жоқ. Уәде етілген нәрсе жасалмаған жағдайда, басқа шешім тауып, көңіліңіздің толмағанын лезде ұмытып кетіңіз. Бұл оның жауапкершілігінің төмен екенінен емес, нақты кедергі болған себептің болуында шығар.
– Даудың шеті шыққан жағдайда, бетінен алып жағаласа айғайласпаңыз! Сабырлы күйде сөйлесіп, салқынқандылық танытыңыз. Сіздің даусыңыздан ол жалығып, тіпті сізді көргісі келмей кетуі де мүмкін. Айтарлықтай дөрекі сөздер айтылған жағдайда, жай ғана сол сөзді неліктен айтқанын, оған ненің себеп болғанын анықтаңыз.
– Сізге мақтау сөздер жаудырып, не тамағыңыздың дәмді шыққанын айтып жатса, ешқашан «жай пісіре салғам» немесе «дәмі өзіме ұнамады» деген жауаптарды айтудан аулақ болыңыз. Себебі сүйіктіңіз айтқан мақтау сөз әрқашан шынайы болады. Бұл ешқандайда басқаларға ұқсап жағынудың амалы емес. Сондықтан алғысыңызды айтып, ол үшін тырысқаныңызды ашық айтыңыз.
– Көпшілік бар жерде өзіңізге ұнамаған нәрсені көрсетпеуге тырысыңыз. Себебі сізге сырттан қызығып, бақыт тілейтіндер де, қызғанып, ажырасқандарыңызды қалайтындар да бар. Сол себепті еш нәрсеге мән бермей, келіспеген тұстарыңызды оңаша қалған сәтте айтып, анықтап алған жөн.
– Сізге өз идеясымен немесе айналысқалы отырған жаңа жобалармен таныстырса, мүмкіндігінше демеу боп, қолдауға тырысыңыз. Сізді мазалаған сұрақты төтесінен қоймай, сәл жұмсағырақ ескертіңіз.
Қыз бен жігіттің, ерлі-зайыптылардың арасындағы ажырасу көбіне, әйелдің кесірінен болады екен. Сөздің құдіретін жетік меңгерген нәзік жандылар сөз бермей, өзін ақтап, күйеуін даттау арқылы дауды жеңеді. Қыздар үшін табиғатынан дарыған эмоционалдық тұрақсыздық пен тым сезімталдықтың пайдасынан гөрі зияны көп секілді. Бірақ бұл - әйелдер әрдайым бос шу шығарады немесе көп сөйлейді деген сөз емес. Жанжал өртін кейде еркектер де тұтатып, әйелдің "отқа май құюына" ұласып жатады. Сондықтан да отбасындағы бірлік пен татулықты сақтап қаламын десеңіз, ашуға бой алдырмаңыз. Кейде тіпті балалар тәрбиесімен, үй шаруасымен, тағысын тағы тұрмыстық шаруалармен айналысып, жұбайына көңіл бөлуді ұмытатын әйелдер бар. Бірақ сіз алыстаған сайын, оның да сізден алшақтай беретінін ұмытпаңыз!
Н. Айдархан