- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Жігіт тапқаннан кейін...
Жігіт тапқаннан кейін ата-анаң қарсы болса...
Әке-шешесі мен сүйген жігіті ортасындағы талғам көптеген қыздардың басынан өткен. Әрі бұл талғамда қиналғандары да белгілі.
Ата-анасын таңдаса сүйген жігітін қия алмайды, ал жігітіне таңдау жасаса ата-анасының жүрегін жаралап, көңілдерін қалдырудан, опасыз ұрпақ атанудан қорқады.
Бірақ осындай талғам басына түскен бойжеткендердің басым көбі өз ата-анасын таңдайды екен.
Ендеше мұндай жағдай басына түскен аруларымызға психолог мамандар қандай кеңес айтады?
Мамандардың пікірінше, бұлай талғам жасау қате. Себебі, біріншіден, салыстырмалы түрде айтқанда әке-шешеміздің бізбен бірге бола алатын уақыты қысқа. Тіпті ата-анаңның айтқанын тыңдап басқа бір жігітпен тұрмыс құрсаң да, бәрібір ата-анаңның қасынан алыстап кетесің. Ал, олар табиғат заңы, уақыт заңымен қартайып, өз жайлы орындарын табатын болады. Ал сүйген жар өле-өлгенше сенің қасыңда, өзіңмен бірге болатын адам. Сондықтан, талғамды дұрыс жасау керек.
Екіншіден, шындығын айтар болсақ, ата-анамыздың не үшін бізді осылай талғам жасауға итермелейтінін білеміз. Бірақ қолбасшы бұйрығының барлығы дұрыс болуы екіталай, яғни, ата-анаңның жақсы көңілімен қате талғам жасауы да әбден мүмкін. Жігітің қандай адам, екеуің бірге өмір сүре аласыңдар ма, бір-біріңе үйлесім табуларың қиын ба, ол жағы сенің ата-анаңа емес, қайта саған ғана мәлім. Өйткені, онымен бірге талай күніңді өткіздің, болашақта да өткізуді ойлап жүрсің, ол сенің қасыңда. Әке-шешеңнің оған көңілінің толу-толмауы маңызды емес, маңыздысы сен, сенің оған көңіліңнің толу-толмауы.
Үшіншіден, ата-ананың сендердің некелеріңе қосылмауының мынадай үш себебі болады:
1) Аралық тым шалғай. Қызының алыс жерге барып жәбір-жапа шегуінен алаңдайды. Оның үстіне төркіндеп келуі де қолайсыз. Енді ойланып көріңіз, бұл қай заман, қандай дәуір. «Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызған» заман емес пе? Ал, жәбір-жапа көру жағы тіптен мүмкін емес. Сенің алыс жерге ұзатылуың сенің қиналып, нашар өмір сүретініңнен дерек бермейді. Ендеше көрші ауылған ұзатылсам бақытты бола аламын деп ойлайсың ба? Ең бастысы өмірлік жар болатын адамды дұрыс таңдау.
2) Барған жері өте кедей. Байлық бар жердің бәрінде бақыт болады деу қате түсінік. Кедей адамға тұрмысқа шығу көңілсіз тұрмыстан көз ашпау деп қарау дұрыс па? Тәнің сау, жаның таза, ақша мен атақ, мүддені қайырып тастап қасыңда сүйген жарың, жайлы-жылы тұрағың, күн көруге жетерлік ақшаң, шын пейілді достарың болса бұдан артық не керек? Күндер өте келе байлық та, өзгесі де еңбекпен келсе оның қадірі арта бермей ме?! Жігіт адамның саған дейін бай-кедей болуы маңызды емес, маңыздысы оның ақша табатын қабілетінің, талабының, еңбекқорлығының болу-болмауында. Барған ауылың бай болса, бірақ жігітіңнің қолынан түк келмейтін арамтамақ болса, ол байлық та бір күні таусылады. Сонда не істейсің?
3) Ат-атағы жоқ, адамдары нашар. Ат пен атақ жасы келген кісілердің өз көзқарастары. Әке-шешесінің атағы шықпағанына олардың баласы кінәлі емес. Бұлай пейіл таныту теңсіздік. Әкесі қылмыскер болса баласы да сол атты мәңгі көтеріп жүруі керек деген ұғым жоқ. Олардың бұл жағдайға қалай душар болғанын түсінуге тырысу керек. Ал, жігіттің өз басы шынымен де арақ пен құмарға салынған ұр да жық біреу болса одан кері айналу сенің де борышың.
Сүйген жан жалғыз. Егер одан осы себептермен қол үзсең мәңгі өкініш арқалауың мүмкін. Жақсы жігіттер көп, бірақ, дәл ол сияқты жанды табуың мүмкін емес. Егер сен тек ата-анаңның көңілін ауыртпау үшін, опасыз қыз атанбау үшін сол жігітпен қоштаспақ болсаң, бұл талғамның дұрыс емес екенін үлкендерге түсіндіру керек. Сәтсіз махаббаттың жігіт жүрегіне де қанжардай қадалып, оның да өмірін күлге айналдыруың мүмкін.
Психологиялық сынақтар жайлы мынадай бір әңгіме бар. Психолог студент қызды (күйеуге шыққан) тақтаға шығарады. Одан өмірдегі ең жақын адамдарының аттарын жазуды сұрайды. Қыз бәрін тізіп жазады. Әлемде үлкен апат болып бұл адамдардан рет-ретімен айрылудың кезі келеді. Енді қыз сол ретті таңдауы керек. Қыз бәрін бір-бірлеп өшіріп шығады да, ең соңында ата-анасы мен күйеуі ғана қалады. Ол жылап тұрып күйеуін ғана қалдырып, ата-анасын да өшіреді.
Ұстазы одан: «Ата-анаң саған өмір сыйлады, сені мәпелеп бағып-қақты, бірақ оларды сақтап қалмағаның қалай?» деп сұрайды.
Қыз: «Дұрыс айтасыз, менің оларға деген махаббатым шексіз, бірақ, менің қасымда менімен мәңгі бірге болатын адам тек қана менің күйеуім» деп жауап берген.
Әйелдің күйеуге шығуы оның екінші рет өмірге келуі деген сөз бар. Бірінші өмірге келуді сенің тағдырың шешті, ал екінші рет өмірге келуді сен өз қалауыңмен шеше аласың. Ал осы өмірге талпыну, оның жарқын жағына қол созу тек сенің дұрыс шешім жасауыңмен ғана байланысты. Дұрыс талдау жасай алмасаң екінші өмірге келген сәтіңде қараңғы дүниеде қалып қоюың да әбден мүмкін.
Өзіңді сүйетін адамдардан айрылып қалма және өзің сүйетін адамдарды тастап кетпе.
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: wechat.com
M. Auelkhan