Мына жасыл «достар» үй ішіне әрі сән береді, әрі үй ішіндегі ауа ағымын ретке келтіріп отырады.
Көбіне үй ішінде өсетін өсімдіктер өз үйіңізде сізге еш кедергі жасай қоймайды. Өйткені олар ауаны жақсы тазартады. Ауаға таралған химиялық заттарды жапырақтарына сіңіретін оларды қараусыз қалдыруға тағы болмайды. Жапырақтарын жуып, сүртіп, уақытылы су құю керек. Өсімдіктер кереует пен үстелге тым жақын орналаспауы керек. Олар жатын бөлмелердегі кереуеттерден бір, не екі метр қашықтықта тұрғаны жөн. Әйтпесе олардың тез өсуі сіздің тыныш ұйқыңыздың шырқын бұзуы мүмкін. Өсімдіктер үй ішіндегі басқа бөлмелерге қарағанда, жатын бөлмеде аз болғаны дұрыс.
Хлорофитум. Бұл өсімдік ауаны ылғалдандырып, таза ауаны қалыпты деңгейде сақтайды. Спатифиллум. Терезелер арқылы сырттан келіп кіретін шаң мен микробтан бөлмеңізді тазартқыңыз келсе, осы өсімдікке бүйрегіңізді бұрғаныңыз дұрыс. Бұл гүлді бөлменің кез келген жеріне қоюға болады, тек жатын бөлмесінде тұрса одан да жақсы болар еді. Өйткені ол тыныш әрі тәтті ұйқыға кепілдік береді. Алоэ. Алоэ тұрған бөлмеде түн мезгілінде көп мөлшерде оттегі бөлініп, көмірқышқыл газы жұтылады. Каланхоэ. Бұл да түнде оттегіні қарқынды түрде бөледі де, күйзелістен шығуға жәрдемдеседі. Бегония. Зиянды заттарға қарсы тұрады. Отбасындағы татулық пен сүйіспеншіліктің символы болып саналатын бұл үй өсімдігі депрессияны басады. Көбіне қартаң тартқан жандар мен аурушаң адамдардың жатын бөлмесіне қойылады. Герань. Микробтарды өлтіреді. Ауаны озонға айналдырып, ішкі күйзелісті басады. Көбіне әйел адамдарға пайдасы мол бұл өсімдік ұйқысыздық кезінде де көмегін аямайды. Бірақ, абай болыңыз, аллергия тудыруы мүмкін. Сансевиерия. Жатын бөлмеге арналған тамаша үй өсімдігі. Көбіне түн мезгілінде оттегі мөлшерін көп шығарады. Кактус. Микробтарды жойып, ауаны тазартады. Лавр. Көбіне балалар бөлмесіне «жайғасатын» бұл өсімдіктер кішкентай балалардың тыныш ұйқысын күзетеді.Ал сіз қандай үй өсімдіктерін өсіресіз?
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
сурет: ivona.bigmir.net