Жатын бөлме — үйдегі ең маңызды жер, себебі төсекте өз уақытыңыздың көп бөлігін өткізесіз. Ұйқы денсаулыққа қатысты проблемалардың себебіне айналмас үшін жатын бөлмені аллергендерден тазарту маңызды. Әйтпесе, ұйқыдан кофенің иісінен емес, тыныс алу проблемасымен оянуыңыз әбден мүмкін.
Мұрныңыз бітеліп, тыныс алу қиындай түсті. Басыңыз ауырып, көзіңіз жасаурайды. Оның себебі тұмау емес, аллергия болуы мүмкін. Ендеше, жатын бөлмені аллергендерден тазартып, әрқашан жақсы көңіл күймен ояныңыз.
Шаң-тозаң кенелерін жойыңыз
Шаң-тозаң кенелері аллергия дамуының ең кең тараған себебі болып табылады. Жәндіктер кілемде, төсек-орын жабдықтарында және матраста өмір сүреді. Олар түрлі аллергендер қатарынан тұратын дәрет тастайды. Кенелердің пайда болуының алдын алу үшін арнайы гипоаллергенді тазартушы спрейлер қолданыңыз. Олар кілемдегі және матрастағы жәндіктерді өлтіреді. Төсек-орын жабдығын барынша жиі ауыстырыңыз. Су шашпен ұйықтамаңыз, себебі төсек ылғалданып қалады. Ал ылғал жер — кенелер үшін ең қолайлы орта.
Үй жануарларын жатын бөлмеге жатқызбаңыз
Жануарлар — аллергия пайда болуының тағы бір себебі. Олардың жүні мен қайызғағы жиһазда, еденде және кілемде қалып, мұрын бітелуін, бас ауруын және көз қызаруын туындатады. Үй жануарларын төсекке жақындатпаңыз және оларды жалпы жатын бөлмеге кіргізбеген дұрыс.
Киімді басқа бөлмеде сақтаңыз
Үйден шыққан кезде сіз автоматты түрде түрлі аллергендерді тасушыға айналасыз. Олар киімге, шашқа және теріге қонады. Сондықтан барлық сыртқы киімді ұйықтайтын жерден барынша алыста ұстаған дұрыс. Даладан үйге кірген бойда қолыңызды сабындап жуыңыз, ал жазда бірден душқа түсіп алған дұрыс. Егер үйіңізде бөлек киім ауыстыратын бөлме (гардеробная) жасау мүмкін болмаса, ең болмағанда киімдерді есігі жабылатын шкафта сақтаңыз. Даладан кіре сала киімдерді диванға немесе орындыққа іле салмаңыз.