Жас ата-ана дүниеге сәби келгенде кей түсініспеушіліктерге тап болады: қандай да бір жағдайда әжесі, дәрігері және тәжірибелі достары үштүрлі кеңес береді. Кімге сену керек? Бала күтіміне ғылым бойынша қарап көріңіз. Жас ата-ана білместіктен жиі жіберетін 5 қателікті ұсынамыз.
1. Су беру
Дәрігердің 6 айға дейінгі сәбиге су беруге болмайтыны туралы айтуы дұрыс. Су баланың асқазанын толтырып тастайтындықтан, ол өзін тоқ сезінеді. Сондықтан сәби сүттен бас тартып, дұрыс салмақ қоспайды. Баланың сүттен жиі бас тартуы анаға да қолайсыздықтар туғызады. Сонымен қатар, бала бүйрегі артық сұйықтықпен күресе алмайтын жағдай тууы мүмкін. Бала шөлдейді деп уайымдамаңыз: ана сүті 90% судан тұрады.
2. Үй жануарларына жолатпау
Кей ата-аналар сәби дүниеге келгенде үйдегі ит пен мысығын біреуге беріп жібереді немесе жалпы үй жануарын алмайды. Олар балада жүнге аллергия болуы мүмкін деп ойлап, алдын ала оны сақтағысы келеді. Бірақ мынадай зерттеу бар: егер бала кішкентай кезінен бастап үй жануарымен бірге тұрса, оның ересек кезінде аллергиялық реакцияларға шалдығуы басқаларға қарағанда төмен болады.
Сондай-ақ, үй жануарларының лас аяқтарынан немесе ылғал мұрнынан қорқудың қажеті жоқ. Мұндай орта, керісінше, баланың иммунды жүйесін қатайтуға көмектеседі.
3. Баланы шектен тыс тазалықта ұстау
Кей ата-ана бала қандай да бір лас жердің үстінде жатса немесе бірдеңені жалап алса, ол қауіпті ауру жұқтырып алады деп қорқады. Негізінде барлық нәрсенің, соның ішінде тазалықтың да шегі болу керек. Баланы зарарсыздандырылған жерде ғана ұстау оның иммунды жүйесін әлсіретіп жібереді. Мұндай шартта өскен бала басқа ортаға түскенде жылдам ауырып қалады. Бұл дегеніміз үйді тіптен жинамау керек деген сөз емес. Күнделікті үй тазалау жұмыстарын, жеке гигиена талаптарын сақтаңыз, бірақ балаға еркіндік беріңіз: аунасын, затты аузына салып көру арқылы зерттесін, жануарлармен ойнасын және т.б.
4. Екпеден бас тарту
Екпе алу – адамдарды екі топқа бөлетін даулы сұрақтың бірі. Әрине, бұл сұрақты әр ата-ана өзі шешеді. Бірақ ғылым екпе алуды ұсынады.
5. Баланы жылы орау
Баланы қабат-қабат ораудың немесе киіндірудің қажеті жоқ. Баланы әрдайым өте жылы жерде ұстау оның иммунитетін әлсіретіп жібереді. Оны қабат-қабат орап тастау балаға жағымсыз психологиялық орта түзеді деген де зерттеу нәтижелері бар. Сондықтан бала мазасыз бола түседі. Мамандар суық мерзімде баланы далаға шығарарда оны өзіңіз киген киімнен бір-ақ қабат артық киіндіруді ұсынады.